Пара ретінде кресло алған ақмолалық полицейге сот үкімі шықты

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Пара ретінде кресло алған Ақмола облыстық жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полициясы батальоны командирінің бұрынғы орынбасарына 2 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Бұл туралы Көкшетау қалалық сотынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сот шешіміне сәйкес, 2019 жылдың ақпанында Ақмола облыстық жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полициясы батальоны командирінің бұрынғы орынбасарына танысы жүгініп, ағасының жүргізуші куәлігін қалпына келтіруді сұраған. Экс-полицей ағасы көлікті тиісті куәліксіз жүргізе бере алатынын, полиция қызметкерлері тоқтатқан жағдайда мәселені қызметтік жағдайын пайдалана отырып шешетінін айтқан. Тәртіп сақшысы бұл үшін жүгінген ер адамнан кеңсе креслосын сыйлауды талап еткен.

Арада бірнеше күн өткенде экс-полицей пара ретінде сұраған 67 563 теңгенің кеңсе креслосын алады, кейін алған затымен ұсталады.

Сот айыпталушыны ҚР ҚК-нің 366-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, алған парасының сомасынан 30 есе көп, яғни 2 026 890 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеді. Сондай-ақ ол өмір бойына мемлекеттік қызметте істеу құқынан айырылды.

Сот үкім шығару кезінде айыпталушының өз кінәсін мойындауын, өкінуін, бұрын сотты болмағанын, мекенжайы және жұмыс істейтін орнынан алған мінездемесі жақсы болуын ескерді. Сонымен қатар, процессуалдық келісім жасау кезінде айыпталушы айыппұл түріндегі жаза тағайындауға келісті. Айыпталушы «полиция майоры» арнайы атағынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Авторы Оксана Матасова

Соңғы жаңалықтар