Пара беру туралы тапсырма берген жоқпын - Серікбол Мусинов

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының экс-басшысы Серікбол Мусинов сотта прокуратура органдарына пара бермегенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мусиновтың айтуынша, ол прокуратураның тексеруден соң пара талап еткенін қоластындағы қызметкерлерден естіген.

«19 қыркүйекте мен әкімдікке баруым керек болатын. Жолда бірнеше рет белгісіз нөмірден біреу телефон шалды. Ғалымжан (Мамышев) есімді прокурор хабарласқан екен. Басқарманы сол кісі тексерген. Әкімдіктің алдында маған келіп пара туралы әңгіме айта бастады. 2016-2017-2018 жылдардағы қызметті тексеру үшін 20-25 мың АҚШ доллары көлемінде пара сұрады. Айнала шу болған соң әңгіменің барлық түп-төркінін түсіне алмадым», - деді Серікбол Мусинов.

Сонымен қатар, экс басшы өзінің қоластындағы қызметкерлер Серікболов пен Боранбаева пара бергенін, әрі өзіне қарсы қылмыстық іс қозғалғанын кеш білгенін айтты.

«Сұрақ-жауап ұзаққа созылды. Мен күйзелісте болдым. Пара алу туралы тапсырма берген жоқпын. Егер, менің қоластымдағы қызметкерлер пара берген болса, мен де өзімнің айыпты екенімді түсінемін», - деді ол.

Мұның алдындағы сот отырысында Серікбол Мусинов өзіне тағылған айыпты мойындамаған болатын.

Еске салайық, Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Серікбол Мусиновқа қатысты пара берді деген күдікпен іс қозғалған болатын.

Басқарма басшысы қызметінен 2018 жылы 20 қыркүйекте босатылды. Ол қалалық басқарманы 2017 жылдың қарашасынан бері басқарып келген еді. Қызмет жолын Шығыс Қазақстан облысы Аягөз аудандық ауруханасында интерн-дәрігер болып бастаған. Әр жылдары Семей облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы, Астана қаласы Фармацевтикалық бақылау басқармасының басшысы, Маңғыстау облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметтерін атқарған.

Соңғы жаңалықтар