Пара Азия ойындары: Қоржынымызға тағы 8 жүлде түсті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 10 қазан күнгі қорытынды бойынша Қазақстан спортшыларының жүлде саны тағы 8 медальмен толықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Пара Азия ойындарының 10 қазан күнгі нәтижесі бойынша қанжығамызда 1 алтын, 4 күміс және 3 қола жүлде бар.

Елімізге жүлде сыйлаған жеңімпаздарға тоқталсақ, алғашқы болып алтынды 50 метрге еркін жүзуден Ержан Сәлімгереев сыйлады. Осы спорт түрінен 200 метр көрсеткіш бойынша Зүлфия Ғабидуллина қола медаль иемденді.

Сол сияқты қатарынан қос күмісті параспортшымыз Сергей Кинах сыйлады, бірінші жүлдені 100 метрге брасс стилінде жүзуден иеленсе, екіншісін 50 метрге еркін жүзуден алды. Және бір күміс жүлдені 100 метрге брасс стилінде жүзуден Әнуар Ахметов қанжығасына байлады, сондай-ақ спортшы жеке рекорд орнатты.

Төртінші күміс медальді жеңіл атлетика бойынша ядро лақтырудан 14,66 метр көрсеткіш нәтижесімен Равиль Мансұрбаев олжалады. Аталған спорт түрінен 11,69 метр көресеткішпен Иван Залезняк қола жүлдені иемденді.

Осылайша әзірге барлық саны 23 медальмен (4 алтын, 10 күміс, 9 қола) жалпы командалық есепте 13 орында тұрмыз.

Ертең еліміздің пара үстел теннисі командасы Макао және Қытай командаларымен сынға түседі. Айта кету керек, егер Макао командасын жеңген жағдайда теннисшілеріміз кезекті жүлдеге үміткер болады.

Еске салсақ, Индонезияның Жакарта қаласында өтіп жатқан ІІІ Пара Азия ойындарын Qazsport телеарнасы тікелей көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар