Пара алған қостанайлық шенеунік үш жылға сотталды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің техникалық қадағалау бөлімінің басшысы сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс деректерінде көрсетілгендей, 2018 жылы қыркүйек айының соңында Ұлттық бюро Қостанай облысы бойынша департаментімен «Қостанай облыстық әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің техникалық қадағалау бөлімінің басшысы А. қылмыс үстінде ұсталды. Ол ұзақтығы 71 километр «Қостанай ауданындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын ағымдағы жөндеу» нысаны бойынша атқарылған жұмыстар актісіне қол қою үшін бір ЖШС директорынан делдал арқылы 4 млн 300 мың теңге пара алғандығы үшін күдікке ілінді.

«Сондай-ақ А. 5 млн. теңгеден астам сомаға кәсіпорындардың бірінің жұмысы туралы жалған мәліметтер енгізу жолымен орындалған жұмыстардың көрінеу жалған актілерін жасаған, ал нақты жұмыстар толық көлемде орындалмаған. Алайда А. ұсталып, аталған қылмыс соңына дейін жеткізілмеген. Қостанай қаласының №2 сотының үкімімен А. ҚР ҚК 366 бабының 2-бөлігі және 24 бабының 3-бөлігі, 189 бабының 3 бөлігі, 1,2 тармағы бойынша айыпты деп танылды. Оған 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметке орналасу құқығынан өмір бойына шеттетілді», - делінген облыстық соттың хабарламасында.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.


Соңғы жаңалықтар