Пара алған қарағандылық подполковник шенінен айырылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды гарнизонының әскери соты Жезқазған қаласы қорғаныс істер басқармасының бұрынғы басшысы подполковник Руслан Шәкірхановқа қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағандыда пара алғаны үшін айыпталған Жезқазған қаласы қорғаныс істер басқармасының бұрынғы басшысы подполковник Руслан Шәкірхановқа қатысты қылмыстық іс қаралды.

«2018 жылы 8 ақпанда Руслан Шәкірханов өзінің қызметтік кабинетінде әскерге шақырылған азаматты әскерден босату үшін 150 000 теңге көлемінде пара алған. Кейін оны сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің қызметкерлері ұстаған», - деді Қарағанды гарнизоны әскери сотының төрағасы Айдар Исабеков.

Жеңілдететін мән-жайлар ескеріліп, сот Руслан Шәкірхановты ҚР ҚК 366-бабы 2-бөлігі (пара алу) бойынша айыпты деп таныды және оған 9 млн теңге көлемінде айыппұл салды. Сондай-ақ, сот оны әскери шенінен айырды.

Үкім заңды күшіне енді, деп хабарлады Қарағанды гарнизонының әскери сотынан. 

Соңғы жаңалықтар