Пара алған елордалық полицейлерге сот үкімі шығарылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 5 мың теңге пара алған елорданың полиция қызметкерлері 350 мың теңге айыппұл төлейтін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елорданың Есіл аудандық № 2 соты Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті Жол-патрульдік полициясы мамандандырылған батальонының 2 инспекторына қатысты айыптау үкімін шығарды.

Аталған соттың мәліметіне сәйкес, инспекторлар Т. мен С. осы жылдың 12 наурызында газ жабдығына рұқсатсыз қайта жабдықталған көлікті басқарған азамат А.-дан әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін 5 000 теңге пара алған. Сотталушылардың кінәсі қылмыстық іс материалдарымен дәлелденіп отыр.

Ал ҚР ҚК-нің 366-бабы 3-бөлігінің 2-тармағында пара алғаны үшін пара көлемінің 60-тан 70 еселенген сомасына дейін айыппұл салу, не 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Прокурор пара сомасының 70 еселенген мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындауды сұраған.

«Сот жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде сотталушылардың жас балаларының бар екенін, шын жүректен өкінуін ескерді. Ал қабылданған антты бұзуды жауаптылықты ауырлататын мән-жай деп тапты. Оларға параның 70 еселенген сомасы мөлшерінде, яғни 350 мың теңге сомасында ең жоғары айыппұл түріндегі жаза тағайындалды. Т. мен С. өмір бойына мемлекеттік қызметті атқару құқығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ», - деп атап өтеді аудандық соттың баспасөз қызметінен.


Соңғы жаңалықтар