Пара алды деп айыпталған Түркістанның экс-прокуроры 10 жылға сотталды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат  - Түркістан қаласының бұрынғы прокуроры Махат Зұлпыхаровқа қатысты сот үкімі шықты. Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты айыпталушыны 10 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұрынғы прокурор сотта өз қылмысын мойындаған жоқ. Соған қарамастан, ол ҚР Қылмыстық Кодексінің 366-бабы 4-бөлігімен («Пара алу») кінәлі деп танылды. Айыпталушыға құқық қорғау органдарында қызмет атқару құқығын өмір бойына айыра отырып, жазасын түзеу мекемесінде өтеу белгіленді. Ал, сыбайласы деп танылған бұрынғы Түркістан қаласы прокурорының көмекшісі Бақыт Жүнісбековтың әрекетінде қылмыс құрам болмауына байланысты оған ақтау үкімі шығарылды»,- дейді үйлестіруші-судья Әбинұр Қарабаев. 

Айта кетейік, Түркістан қаласының бұрынғы прокурорына Қылмыстық кодекстің 366-бабы, 4-бөлігі «Пара алу» бойынша айып тағылып, ол уақытша тергеу абақтысына қамауға алынған болатын. Тергеу барысында прокурордың пара ретінде жер учаскелерін алғаны айтылған.

Ал оның көмекшісі Бақыт Жүнісбековке қылмыс жасауға көмектескен деген айып тағылған. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің 28-бабы 5-бөлігімен «Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлерi» және 366-баптың 2-бөлігі «Пара алу» бойынша іс қозғалған еді.

Соңғы жаңалықтар