Панфилов ауданының шенді полицейлері пара алды деген күдікке ілінді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алматы облысы Панфилов ауданының шенді полицейлері пара алу күдігіне ілінді. Бұл туралы бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қоғаммен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның атап өтуінше, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы ҚР Ішкі істер министрлігінің өзіндік қауіпсіздік қызметімен бірлесіп, ішкі істер жүйесіндегі адал емес қызметкерлерді анықтау жұмысын жалғастырып жатыр.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Алматы облысы бойынша департаменті облыстық полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасымен бірлесіп, Панфилов аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы (полиция майоры), жергілікті полиция қызметінің бастығы (полиция майоры), сондай-ақ осы ауданның патруль полициясының екі полицейінің (полиция сержанттары) парақорлық фактісін анықтады», - деді ол.

Департамент басшысының сөзіне қарағанда, олар ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы бойынша қылмыстық істің бұрын тәркіленген 2 491 дана ондатр терісін қайтару үшін жергілікті тұрғыннан 700 мың теңге пара алды деп күдікке ілігіп отыр.

«Тергеу жалғасуда», - дейді Арман Бердалин.

Соңғы жаңалықтар