Панфилов ауданы Қытайға алма тасымалдайтын болды

None
None
ЖАРКЕНТ. ҚазАқпарат - Алматы облысы Панфилов ауданы Қытайға алма тасымалдайтын болды. Бұл туралы бүгін Қорғас құрғақ портынан ұйымдастырылған телекөпір кезінде KTZE Khorgos Gateway ЖШС бас директоры Жаслан Хамзин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Оның айтуынша, Қорғас құрғақ портының транзиттік әлеуеті мен технологиялық мүмкіншіліктері артып келеді. 

«Құрғақ порттың ашылғанына 3 жыл толды. Осы уақыт аралығында инфрақұрылым толығымен техникамен, крандармен, адами ресурстармен толықтырылды. Бүгінде порт күніне Қытай тарапынан 6-7 контейнерлік пойызды қабылдай алады. Былтыр порт 100 ДФЭ (жиырма футтық эквивалент) жүкті өңдеді. Биыл алғашқы жартыжылдықта 65 мың ДФЭ жүк өңделсе, жыл соңына дейін 240 мың ДФЭ жүкті жеткізу жоспарда бар. Ал, 2020 жылға таман порт арқылы 500 мың ДФЭ жүк тасымалданатын болады», - деді Жаслан Хамзин.

Оның айтуынша, бүгінде Қорғас портының әлеуетін арттыруға барлық жағдай жасалып жатыр. 

Атап айтқанда, биыл порт территориясында инспекциялық-бақылау кешені ашылды. Онда тауарлар сканерден өтетін болады. Осылайша құжаттық сәйкестіктері тексеріледі. Болашақта жүкті сорттайтын аппарат орнату жоспарда бар. Одан бөлек, Қорғас құрғақ порты аумағында 700 шаршы метрлік қоймада тоңазыту техникасы орнатылған. Мұнда тез бұзылатын, температуралық режімді сақтауды талап ететін азық-түлік сақталады. 

«Биыл тамызда Панфилов ауданындағы компаниялардың бірімен алма тасымалдау туралы келісімге келдік. Алманың піскенін күтіп отырмыз. Біздің қоймалар арқылы Панфилов ауданы алмалары сақталып, Қазақстан ғана емес, Қытайға да жеткізіледі», - деді Жаслан Хамзин. 
KTZE-KhorgosGateway құрғақ порты стратегиялық Қазақстан- Қытай шекарасында, «Қорғас- Шығыс қақпасы» Арнайы Экономикалық аймағының орталығындағы қазақстандық аумақта орналасқан.

Құрғақ порттың жалпы ауданы 129,8 гектарды құрайды, логистикалық (224,9 га) және индустриялық (224,6 га) аймақтармен интеграцияланған. 

Айта кету керек, Khorgos Gateway логистикалық хаб жасау үшін стратегиялық объект ретінде қарастырылады.

Еске салайық, бүгін Қорғас құрғақ портынан Құрық портына алғашқы 82 контейнер жүк жөнелтілді. Қызанақ пастасы тиелген пойыздар Құрық, одан әрі Грузияның Поти порты арқылы Италияға аттанады. 

 

Соңғы жаңалықтар