Пандемияның қоғамға ықпалы, журналистиканың рөлі және адами резерв - Президенттік кадрлық резерв форумы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президенттік кадрлық резерв форумы аясында әлеуметтік даму мәселелеріне арналған «Адами капитал» сессиясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сессияға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов және Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысты.

Ералы Тоғжанов өз сөзінде пандемияның Қазақстандағы қоғамға қалай ықпал еткенін айтты.

«Әр қиындықтың бір артықшылығы болады. Пандемия арқылы сана-сезімімізде төңкеріс болды. Талай дүниенің тезірек дамуына ықпал етті, мәселелерді қысқа мерзімде шешу қажет болды. Мысалы пандемия болмағанда, компьютермен қамтамасыз ету мәселелері тағы 5 жылға созылар ма еді. Өз елімізде компьютер, ноутбук құрастыратын компаниялар ашылды. Қоғам дәрігер мен ұстаздардың қадірін түсінді. Өз балаларын оқытып шаршаған ата-аналар бар. Қазір жағдай қалыптасып келе жатыр. «Ашық» жобасы ашылып, ауру қарқынын бақылау күшейді. Бұрын уақыт жұмсап, жиналыстарда бас қосып жүрсек, қазір алыс жерлерден, аудандардан келмей-ақ, онлайн режимде сөйлесетін мүмкіндік туды», - деді Ералы Тоғжанов.

Өз кезегінде Ақпарат министрі журналистиканың халық арасындағы тұрақтылықты сақтаудағы рөлі туралы айтты.

«Ақпарат министрлігінің саласы ауқымды болғанымен, мен ең басты тұрақты өмірдің сақталуындағы БАҚ рөлін айтқым келеді. Ол тек пандемияда ғана емес, жалпы қоғамның әрі қарай өркендеуіне, елдің сана-сезімі өзгеруіне, талғам қалыптасуына ең басты ықпал етеді. Сондықтан, біздің ең басты міндетіміз – осы салада жүрген мамандар адами капитал десек, сол мамандардың тәжірибелі болуы. Журналистиканың жалпы дамуы, әр журналистің тәжірибелі болуына үлкен мән беріп отырмыз», - деді Ақпарат министрі елордада Президенттік жастар кадрлық резерві форумының «Адами капитал» сессиясында.

Оның айтуынша, Ақпарат министрлігі өткен жылы журналистиканы дамыту бойынша арнайы жоспар қабылдады, ол журналистерді даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру мәселелерін көздейді.

«Салалық журналистиканың қаншалықты маңызды екенін көрдік. Осыған байланысты біздің министрлік меморандумдарға қол қойды, түрлі салалар бойынша журналистерді даярлауға бағытталған нақты семинарлар өтіп жатыр. Ең алдымен медицина бойынша, пандемия кезінде сенімді және кәсіби ақпарат беру арқылы қоғамда тұрақтылықты сақтаудың қандай маңызды екенін көрдік. Қоғамда көптеген фейктер пайда болып, түсініспеушіліктер туындады. Өлім-жітім деңгейі жоғары болса да, адамдар вирустың барына, оның аса қауіпті екеніне сенбеді. Әрине, мұнда ақпаратты кәсіби түрде беру маңызды болды», - деп атап өтті А. Балаева.

Сонымен бірге министр жалған ақпаратпен күрес шаралары туралы айтып берді.

«Біздің кездесулердің бірінде резервист Александр Данилов басқаратын StopFake сайтын құрғанымызды айтқан едім. Оның жобаны қолға алғанына және табысты жүргізіп жатқанына алғыс айтамын. Біз аграрлық елде тұратынымызды ескере отырып, аграрлық университеттермен де меморандумға қол қойдық. Этносаралық келісім және жалпы діни білім беру мәселелері де өте маңызды. Мұнда да біз журналистерге арналған курстар жүргізіп жатырмыз. Бұл мәселелер үнемі жетілдіріліп отырады. Сонымен қатар, біз халықаралық медиамектептермен жұмыс істеп жатырмыз», - дейді ведомство басшысы.

Мәдениет және спорт министрі А. Райымқұлова еліміздегі ең маңызды резерв – адами резерв екенін айтты.

«Еліміздің ең маңызды резерві – адами резерв. Мұны Тәуелсіздіктің ең бірінші күнінен бері Елбасымыз және қазіргі Президентіміз де айтып жүр. Сондықтан сіздерге еңбек жолдарыңызда да, өмірлік жолдарыңызда да жақсылық тілеп, кәсіби қабілеттеріңізді еліміздің көркеюінде көрсетуге ниет қыламын. Мәдениет, спорт, туризм саласы – қоғамның ең ерекше салалары деп ойлаймын. Мәдениеттің деңгейі – жалпы ел мен қоғамның деңгейін көрсетеді. Елімізде ең бірінші күннен бастап «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты үлкен бағдарламалық мақалалар шығып, мәдениетіміздің әртүрлі салаларда дамуына үлкен жұмыс жүргізіп жатырмыз», - деді А. Райымқұлова.

Ал Асхат Аймағамбетов Президенттік кадрлық резервтің жұмысына айрықша тоқталды.

«Жоба өте керемет. Шын мәнінде, балалар өте жақсы іріктелген. Мен мұны жұмыс беруші ретінде айта аламын және байқап отырмын. Бес адам Білім және ғылым министрлігіне жұмыс істеуге келді, тағы 17 адамды біз жоғары оқу орындарымыздың директорлар кеңесінің құрамына тарттық. Қазір біз «Білімді ел» ұлттық жобасын талқылаудамыз. Сіздердің арқаларыңызда көптеген өзгерістер болып жатқанын көріп отырмыз», - деді Білім және ғылым министрі.


Соңғы жаңалықтар