Пандемияның Қазақстандағы ауқымы туралы шынайы мәлімет алатын болдық – Рахым Ошақбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың коронавирус пен пневмония статистикасын біріктіру бастамасына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, осы арқылы пандемияның Қазақстандағы ауқымы туралы шынайы мәлімет халыққа жетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ковидті пневмония мен бактериалды пневмония бар. Оның шыққан тегін анықтап бере алатын арнайы тест барын білеміз. Бірақ біздің елде ол жоқ. Денсаулық сақтау министрі бүгін жариялаған шара - өте дұрыс. Біз осылайша Қазақстандағы эпидемия ауқымы туралы шынайы мәлімет алатын болдық», - деді Рахым Ошақбаев.

Оның айтуынша, елдегі ахуалдың қандай екеніне қарамастан жалған мәлімет бермеу керек.

«Айналып келіп пневмония жағдайы көп болып шықты да, коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 66 мың ғана болып қалды. Шынайы ахуал қаншалықты үрейлі болса да, мәліметті дұрыс беру керек. Себебі жалған мәлімет халыққа қисапсыз қиындық әкеледі. Артынша қоғам пандемия ауқымына жіті баға бере алмайды. Сол себепті коронавирус пен пневмония бойынша статистиканы біріктіруге қатысты Алексей Цойдың мәлімдемесін қолдаймын», - деді Рахым Ошақбаев.

Еске сала кетсек Қазақстанда пневмониямен ауырғандар КВИ жұқтырғандардың статистикасына енгізілетін болды. Осылайша COVID-19 бойынша жаңа статистика 1 тамыздан бастап жүргізіледі.


Соңғы жаңалықтар