Пандемияның болуы ықтимал жаңа толқынына дайындық: Үкімет басшысы үш міндет жүктеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавирус пандемиясының болжанып отырған жаңа толқынына дайын болу үшін Үкімет басшысы Асқар Мамин жауапты басшыларға үш міндет жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елде вирусқа тестілеу мүмкіндігі артты. Вакцина сатып алу жөнінде келіссөздер өткізіліп, өзімізде вакцина жасап шығару бойынша жұмыс ұйымдастырылған. Үкімет тарапынан ауқымды жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қабылданған шаралардың нәтижесінде біз еліміз үшін күрделі кезеңді еңсердік. Вирустың таралу деңгейінің төмен болуы қамтамасыз етілді. Бастысы, біздегі денсаулық сақтау жүйесі коронавирус жұқтырғандарды емдеу бойынша зор тәжірибе жинақтады», - деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.

Премьер-министрдің айтуынша, барлық қабылданып жатқан шаралар күзде пайда болуы мүмкін пандемияның жаңа толқынына және маусымдық ауруларға қарсы күресуге жағдай жасайды.

«Әрине санитариялық талаптарды қатаң сақтау керек. Әлемдегі эпидемияның тұрақсыздығын ескерсек, вирустың қайтадан өршу мүмкіндігіне дайындық жұмыстарын жалғастыруымыз керек. Кейбір шектеу шараларын жалғастыру қажет. Осыған байланысты мынадай тапсырма беремін: біріншіден, өңірлердің әкімдері эпидемиологиялық жағдайды ерекше бақылауда ұстасын, барлық санитариялық нормаларды қатаң сақтасын. Вирустың таралуы мен ауру жұқтыру көрсеткіштерінің өзгеруіне қарай жедел әрі нақты әрекет етсін. Инфрақұрылымды дайындау шараларын қабылдасын және барлық сатыдағы медицина жұмыскерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етсін», - деді ол.

Үкімет басшысы екіншіден, Денсаулық сақтау министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге халық арасында профилактикалық жұмысты күшейтуді тапсырды.

«Емханалардың дайындығын бақылауда ұстау қажет және де қауіп тобындағы адамдарды нақты қадағалап тұру керек. Үшіншіден, цифрлық даму министрлігі Денсаулық сақтау, Ақпарат министрліктерімен бірге халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізсін», - деп түйді Премьер-министр.


Соңғы жаңалықтар