Пандемиямен күресте әйелдер алдыңғы шепте болды – Еурокомиссия баяндамасы

None
None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында Еурокомиссия 2021 жылы Еуроодақтағы гендерлік теңдік туралы баяндама жариялады, онда COVID-19 пандемиясының әйелдерге жағымсыз әсер еткені туралы айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Баяндамада айтылғандай, пандемия ер мен әйел арасындағы бұрыннан бар теңсіздік мәселесін барлық салада ушықтырып жебірді. Мұндай жағдай Еуропамен қатар, оның сыртындағы елдерде де байқалған.

Мүше-мемлекеттер тұрмыстық зорлық-зомбылықтың артқанын тіркеген. Мәселен, Францияда тұрмыстық зорлық-зомбылық локдаунның алғашқы аптасында 32%-ға, Литвада алғашқы үш аптада 20%-ға көбейген. Ирландияда тұрмыстық зорлық-зомбылық бес есеге артқан, испан билігі карантиннің алғашқы екі аптасында зорлық-зомбылық туралы хабарлағандардың 18%-ға көбейгенін мәлімдеді.

Пандемиямен күресте әйелдер алдыңғы шепте қызмет еткен болып шықты: медицина және әлеуметтік қызметкерлердің 76%-ы – әйелдер, Еуроодақ елдерінің санитария қызметінің 86% жұмысшысы да нәзік жандылар.

Пандемияға байланысты бұл саладағы әйелдер жұмыстың ауыртпалығын көтеріп, денсаулығына қауіп төндіріп, жұмыс пен жеке өмір арасындағы мәселелерге тап болды.

Сонымен қатар, гендерлік теңдік ешқашан ЕО-ның саяси күн тәртібінде мұндай жоғары орынға ие болған емес. Комиссия бір жыл бұрын қабылданған гендерлік теңдік стратегиясын іске асыру үшін айтарлықтай күш жұмсады.

27 мүше-мемлекеттің әрқайсысындағы ілгерілеуді бақылап отыру үшін Еурокомиссия Гендерлік теңдік стратегиясына мониторинг жасау порталын іске қосты.

Еурокомиссияның құндылықтар және ашықтық жөніндегі вице-президенті Вера Юрова «Әйелдер пандемиямен күресте алдыңғы шепте келеді, біз әділдік пен теңдікті талап етуіміз керек» деп атап өтті.

ЕО-ның теңдік мәселелері бойынша комиссары Хелена Далли «COVID-19 дағдарысы әйелдердің өміріне жағымсыз әсер еткенімен, бұл жағдайды мүмкіндік ретінде пайдалануымыз керек» деді.


Соңғы жаңалықтар