+7 (701) 759 90 19
USD 425.78 EUR 494.08
RUB 5.98 CNY 66.23
Jańalyqtar

Пандемияға қарамастан Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасында сауда көлемі артты – Бақыт Сұлтанов

2021 жылғы 27 қыркүйек 10:39
Бөлісіңіз:
Пандемияға қарамастан Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасында сауда көлемі артты – Бақыт Сұлтанов

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтанда Қазақстан мен Сауд Арабиясының бірлескен инвестициялық бизнес форумы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан-Сауд Арабиясы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссиясының 5-ші отырысына қатысу үшін елордаға инвестициялар министрі Халид А. әл-Фалих бастаған Сауд Арабиясы Корольдігінің делегациясы келді. Форумның ашылуында ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов екі ел ынтымақтастығының жаңа мүмкіндіктері туралы айтып берді.

«Бүгінгі платформа – Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың маңызды құралдарының бірі. Ведомствоаралық комиссиямыздың төрағасы ретінде мен бұл жұмысты өте жақсы бағалаймын. Сауд Арабиясы Корольдігі – Қазақстанның Таяу Шығыстағы маңызды серіктесі. Біздің мемлекет басшылары арасындағы тығыз өзара қарым-қатынас қос тарапқа да ынтымақтастық пен пайда табу үшін жақсы негіз болады. Біз екі ел арасында тікелей байланыс орнаттық», - деді Сауда министрі форум қатысушыларына.

Оның айтуынша, пандемия салдарына қарамастан биылғы 7 айда екі елдің екіжақты саудасы 36,5%-ға артқан.

«Дағдарыс жылдары жаһандық экономикадағы, оның ішінде біздің елдеріміздің экономикасындағы құрылымдық өзгерістерді де күшейтті. Іс жүзінде Сауд Арабиясын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы-2030 және Қазақстан-2050 даму бағдарламасы бір мақсатқа – экономиканы әртараптандыруға, табиғи ресурстар экспортына тәуелдікті азайтуға және ең дамыған елдер рейтингіне енуге бағытталған. Біздің елдеріміздің ынтымақтастықты күшейтуге зор әлеуеті бар. Қазір бір ғана Қазақстанда Сауд Арабиясы капиталының үлесі бар 11 кәсіпорын жұмыс істейді. Олар негізінен бөлшек саудада, ақпараттық коммуникация және мемлекеттік транзакциялар саласында жұмыс істейді», - деді Б. Сұлтанов.

Айта кетейік, Қазақстан-Сауд Арабиясы инвестициялық бизнес-форумына екі елдің іскер топтары мен бизнесінің 170-тен астам өкілі қатысуда. Шара барысында саудиялық компаниялар жеке секторды дамыту, серпінді қоғам құру және Корольдіктің халықаралық саудадағы бәсекеге қабілеттігін арттыруды көздейтін «Saudi Vision 2030» ұлттық бағдарламасын іске асыру тәжірибесімен бөліседі.



Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Айжан Серікжанқызы

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER

MURAǴAT