Пандемиядан Павлодар облысы экономикасының қандай секторлары зардап шекті

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Пандемия кезінде Павлодар облысында өнеркәсіп саласындағы өсім 0,8%-ды құрады және экономиканың бірнеше секторы зардап шекті. Бұл туралы Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Пандемия жағдайында өңір экономикасындағы тұрақты жағдайды сақтау үшін Дағдарысқа қарсы штаб құрылды. Осыған сәйкес, экономикалық өсімді қалпына келтіру және оны қолдау бойынша нақты шаралар айқындалды.

Биыл шағын және орта бизнеске айтарлықтай қолдау көрсетілді. Мемлекеттік бағдарламалар (БЖК және Еңбек) арқылы 51 млрд теңгеден астам қаражат игерілді. Бұл шамамен 3366 субъектінің қызметін қолдауға мүмкіндік берді. Яғни, қаражат өндіріс үшін шикізат сатып алу, қысқа мерзімді берешекті өтеу және тағы да басқа қажеттіліктерге бағытталды.

Салық жеңілдіктерімен 13,8 мың кәсіпкер қамтылып, 674 субъектінің несие төлеуі тоқтатылды. Ал 2653 кәсіпкер жалдаудан босатылды.

Ағымдағы жылдың 12 қазанынан бастап облыста 21-30 жас аралығындағы жас кәсіпкерлерге кепілсіз 5%-дық сыйақы мөлшерлемесімен несие берудің жаңа «ZHAS-HALYK.ERTIS» бағдарламасы іске қосылды. Бұл жобаға «Халық банк» жалпы көлемі 400 млн теңге болатын қаржы бөлді.

Пандемия аймақтың дамуына теріс әсерін де тигізді. Жарты жылдың қорытындысы бойынша экономикалық өсім қарқыны жыл басымен салыстырғанда орта есеппен 1,7%-ға төмендеді. Дегенмен, өнеркәсіп секторының тұрақты жұмысы арқасында аймақ айтарлықтай шығынға ұшырамады. 11 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп саласындағы өсім 0,8%-ды құрады», - деп мәлімдеді Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметінің дерегінше, Павлодар облысында экономиканың сауда, көлік, қонақ үй бизнесі, қоғамдық тамақтандыру сияқты секторлары ең көп зардап шекті. Бұл салалар жалпы өңірлік өнімнің 35%-ын құрайды. Саудадағы көрсеткіштер орта есеппен 4,5%-ға, ал көлік секторындағы көрсеткіштердің 23%-ға төмендегені байқалған.


Соңғы жаңалықтар