Пандемиядан пандемияға: әлем елдеріндегі шектеу шаралары күшейтілуі мүмкін бе
2022 жылғы 24 маусым 15:22

Пандемиядан пандемияға: әлем елдеріндегі шектеу шаралары күшейтілуі мүмкін бе

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны қайта арта түсті. Our World in Data-ның дерегіне сәйкес, бүгінде COVID-19-ға шалдыққандар саны 542 млн-нан асып отыр. Ал қайтыс болғандар саны 6,33 млн-ға жеткен. Мамандар коронавирустың қайта ушығуын жаңа BA.4 және BA.5 нұсқаларының таралуымен байланыстырады. Бұл штамдар қазірдің өзінде Еуропаның бірнеше еліне таралып үлгерді. Сонымен қоса коронавирус әлемді алаңдатып отырған жалғыз ауру емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау желісі маймыл шешегін де пандемия деп жариялады. Енді сарапшылар шектеу шараларының күшейтілуі мүмкін екенін айтып отыр. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

Маймыл шешегі пандемия деп жарияланды

Дүниежүзілік денсаулық сақтау желісі (ДДСЖ) маймыл шешегін пандемия деп жариялады. Аталған ұйым маймыл шешегінің өршуін жаһандық маңызы бар төтенше жағдай деп таныды.

Дерекке сәйкес, маймыл шешегін қазіргі уақытта 58 елде жұқтыру жағдайлары анықталып отыр. Жұқтырғандар саны 3 417-ден асқан. Ал инфекцияның таралу қарқыны апта сайын артып келеді. Осыған байланысты ДДСЖ теріс салдарды азайту үшін вирус қай жерде болса, сол жерге жедел шаралар қабылдау керек екенін атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бейсенбіде, яғни 23 маусымда маймыл шешегінің өршуінің жаһандық қаупін бағалау үшін Төтенше комитетті шақыратыны белгілі болды.

Аталған ұйымы Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус алдыңғы өршу кезеңдерімен салыстырғанда, маймыл шешегі вирусының қазіргі нұсқасы ерекше екенін, сондықтан вирусологтардың бұған ерекше назар аудару керек екенін баса айтып өтті.

Еуропа елдері

Еуропа мемлекеттерінде коронавирус жұқтырғандар саны қайтадан артып жатыр. Оған омикрон-штамының жаңа BA.4 және BA.5 нұсқаларының таралуы себеп болып отыр. Еуропалық аурулардың алдын алу және бақылау орталығы (ECDC) мәліметінше, Еуропа Одағына мүше елдердегі аурудың өсу тенденциясы қазір ВA.4 және BA.5 нұсқаларының басым екенін көрсетіп отыр. Бұл жұқтырғандар саны одан сайын артуы мүмкін екенін білдіреді.

Our World in Data (OWID) зерттеу ұйымының дерегінше, коронавирус жұқтырғандар саны Португалия, Германия, Франция, Грекия, Аустрия, Италия, Швейцария және Испания сияқты көптеген мемлекетте артып отыр.

Жаңа зерттеулер омикронның BA.4 және BA.5 жаңа нұсқалары алдыңғы нұсқаларға қарағанда өте жұқпалы екенін көрсеткен.

Ғалымдардың пікірінше, бұған дейін тараған инфекциялар да, салынған вакциналар да бұл нұсқалардан қатты қорғай алмайды, сондықтан олар коронавирус штамдарының ішінде басым нұсқаларға айналады.

«BA.4 және BA.5 нұсқалары ауыр сырқатқа әкеліп соқтырмауы ықтимал, бірақ алдыңғы толқындар сияқты, ауруханаға жататындар мен COVID-19-дан қайтыс болатындар санын арттыруы мүмкін», - деді ECDC.

Португалияда BA.5 нұсқасының көп таралуы коронавирус жұқтырғандар санының айтарлықтай өсуіне әкелді. Соңғы аптада күніне орта есеппен миллион адамға шаққанда 1,332 жаңа жағдай тіркелген. Португалияда 1 896 адам ауруханаға түскен. Бұл 2022 жылғы қаңтарда омикрон алғаш тіркелген кездегідей жоғары көрсеткіш болып отыр. Португалия Ұлттық денсаулық институтының (INSA) мәліметтері бойынша, BA.5 наурыз айының соңында алғаш рет анықталған. Көп ұзамай мамыр айында елде таралған басым нұсқа болды. 5 маусымда бұл барлық тіркелген COVID жағдайларының 84%-ын құрады.

Францияда маусымның басынан бері жаңа жағдайлар саны (миллион адамға шаққанда) үш есеге жуық өскен, ал ауруханаға жатқызылғандар саны сәуір айының басынан бері бірінші рет артқан. Santé Publique France қоғамдық денсаулық сақтау агенттігінің мәліметі бойынша, BA.5 нұсқасын жұқтырғандар саны 24%-ға дейін өсті.

Ұлыбританияның Ұлттық статистика басқармасының (ONS) мәліметтері бойынша, ауырғандар мен ауруханаға жатқызылғандар саны күрт өсіп жатыр. Оған да BA.4 және BA.5 нұсқалары себеп болып отыр. 17 маусымда жарияланған соңғы ONS деректеріне сәйкес, COVID-19 инфекциясының саны 43%-ға өскен.

Германияда 100 000 тұрғынға шаққандағы апта сайынғы вирус жұқтырғандар көрсеткіші 400-ден асады. Роберт Кох институты соңғы 24 сағат ішінде 119 000 жаңа жағдай тіркелген. Мамандар оған да BA.4 және BA.5 нұсқасы себеп болып отырғанын айтады. Бірақ институт басшысы орынбасарының айтуынша, қорғаныс шараларын алып тастау коронавирусқа қатысты жағдайдың нашарлауына әкеліп соғады.

Италияда да жаңадан инфекция жұқтырғандар саны күрт өсті. Онда коронавирус жұқтырғандар саны екінші апта қатарынан артып келеді. Италияның Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, вирустың таралу деңгейі қайтадан эпидемия деңгейіне жетіп отыр.

Азия мен Таяу Шығыс елдері

Коронавирус жұқтырғандар санының артуы тек Еуропа елдерінде ғана емес, Азия мен Таяу Шығыста да байқалып отыр. Израильде күніне 10 мыңға жуық ауру жұқтырған адам тіркеледі, бұл - сәуір айының басынан бергі ең жоғары көрсеткіш. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігінің бас директоры елде коронавирустың жаңа толқыны басталғанын мәлім етті.

Үндістанда коронавирустың таралу жылдамдығы ақпан айындағы ең жоғары деңгейге дейін көтерілді, мұнда күн сайын 12 000-нан астам инфекция тіркеледі.

Жапонияда екінші апта бойы 13-14 мың жаңа инфекция анықталады. Айдың басында олардың саны 20 мыңнан асқан еді.

Қытай астанасы Бейжіңде COVID-19 жұқтырудың тағы 22 жағдайы анықталған. Осыдан кейін қала билігі эпидемияға қарсы шараларды күшейтуді қолға алды. Елдің Гигиена және денсаулық істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің дерегінше, соңғы 24 сағат ішінде Бейжіңде коронавирус жұқтырудың 22 жағдайы тіркелді. Сенбіден бастап Чаоян ауданындағы сегіз шағынаудан коронавирусқа тексерілді. «Эпидемиологиялық тексерудің алдын ала нәтижелері аурудың қазіргі толқыны шамамен бір апта бойы жасырын түрде таралып жатқанын көрсетті», - деді Бейжің ауруларды бақылау және алдын алу орталығы басшысының орынбасары Пан Синхо.

Қала билігі мегаполис тұрғындарын қажеттілік болмаса Бейжің аумағынан шықпауға, адам көп жиналатын орындарға бармауға, COVID-19 жұқтыру қаупі орташа және жоғары аймақтарға барудан бас тартуға шақырады.

Америка елдері

АҚШ алтыншы апта бойы әлемде коронавирус ауруы бойынша бірінші орында тұрғанына қарамастан, соңғы күндері онда инфекцияның таралу деңгейі сәл төмендеді. Бірақ маусым айының басынан бері алғаш рет күніне тағы 100 000 адам жұқтырғаны анықталып отыр. Соңғы жеті күнде барлығы 568 мыңға жуық жаңа жағдай тіркелді, бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда шамамен 93 мыңға аз.

Бразилияда екінші апта бойы күніне шамамен 40 000 жаңа жағдай тіркеліп отыр. Мексикада өткен аптамен салыстырғанда инфекцияның таралу қарқыны бір жарым есе өскен. Қазір онда күніне 9 мыңға жуық тұрғынға «коронавирус» диагнозы қойылады.

Жаңадан жұқтырғандар саны Колумбияда да көп тіркелді, онда вирус жұқтырғандар саны бір аптада 1,5 есе өсті.

Қазақстан

24 маусымдағы дерек бойынша, коронавирус инфекциясын жұқтырған 54 жағдай тіркелді. Оның ішінде, Нұр-Сұлтан қаласында - 8, Алматы қаласында - 38, Шымкент қаласында – 2, Ақмола облысында – 1, Атырау облысында - 1, Жамбыл облысында - 1, Батыс Қазақстан облысында -1, Қарағанды облысында - 1 адамнан коронавирус анықталды. Соңғы күндері Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар санының өсу динамикасы байқалуда. Мысалы, 23 маусымдағы мәлімет бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырған 42 жағдай тіркелсе, оның алдыңғы күні Қазақстан бойынша 32 адамнан коронавирус анықталған еді.

Ал бір тәулікте 13 адам коронавирус инфекциясынан жазылып шықты, Өңірлер бойынша: Нұр-Сұлтан қаласында - 4, Алматы қаласында - 6, Алматы облысында - 2, Қарағанды облысында – 1. Жалпы пандемия басталғалы елімізде коронавирустан 1 290 988 адам емделіп шықты.

Назерке Сүйіндік


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT