Пандемиядан кейінгі әлемдік экономиканың қазіргі жағдайы мен келешегі қандай

None
БАКУ. ҚазАқпарат – COVID-19 пандемиясы бүкіл әлем экономикасына теріс әсер еткені белгілі. Әсіресе, қолданыстағы сауда маршруттарын, көлік-логистикалық байланыстарды өзгертіп, бизнес желілерін шектеді. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі коронавирустан кейінгі әлемдік экономикадағы жағдайға талдау жасап, экономистер қауымының болжамын біліп көрді.

Пандемия әсері: Әлемдік экономикаға жасалған болжамдар

Қазір әлемдік экономиканың болашағына болжам жасайтын халықаралық ұйымдар талдау кезінде пандемияның халықаралық саудаға әсерін ескереді. Дүниежүзілік сауда ұйымынан (ДСҰ) мәлімдегендей, 2020 жылы пандемия әлемдік сауда-саттық көлемін 13-32%-ға төмендетті. Әлсіреуге себеп болған - саяхатқа енгізілген шектеулер, тұтынушылық сұраныстың төмендеуі және тауар тасымалдау маршруттарының өзгеруі.

Дегенмен жағдайды бағалау кезінде індеттің нақты қандай салалар мен секторларға қалай әсер еткенін ескеру маңызды. Мәселен, коронавирус пандемиясы уақытында технологиялар мен денсаулық сақтау бағытындағы қызметтерге сұраныс артты.

Мұндай кезде елдердің үкіметі мен саясаткерлеріне экономиканың қалай дамитынын болжау қиын. Сарапшылар пікірінше, COVID-19 қысқа мерзімді аралықта әлемдік экономикаға елеулі әсер етеді және ол бірқатар мемлекетте қаржылық дағдарыс пен рецессия тудыруы мүмкін. Сонымен бірге пандемияның ұзақ мерзімді салдары экономикалық құлдырауға алып келеді деген болжамдар да жасалды. Көптеген зерттеулерде COVID-19 инфекциясының таралуы тоқтамаса, онда ол әлем елдерінің экономикасына қандай жойқын соққы болары есептеліп, көрсетілді.

Фото: istockphoto.com

Көптеген елдің жалпы ішкі өнім көлемі төмендеді

Пандемия салдарынан бірқатар әлем елдерінің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) азайды. Сонымен қатар адамдардың да ойы өзгере бастады. Атап айтқанда, халық тауарларды онлайн сатып алып, электрондық коммерцияға бет бұрды. Осы тенденцияның нәтижесінде COVID-19-дан кейінгі кезеңде дәстүрлі бөлшек сауда желілерінің құлдырауы немесе түбегейлі өзгеріске ұшырауы мүмкін.

Тоқтала кетейік, Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) ДСҰ-мен бірлесіп әлемдік ЖІӨ 2020 жылы 4,9%-ға қысқарады деп болжам жасаған болатын. Бұл - бұрын болған әлемдік экономикадағы ұлы депрессиядан кейінгі ең үлкен құлдырау. ХВҚ өкілдері 2022 жылға дейін әлемдік экономика толық қалпына келмейді, тиісінше аталған аралықта түрлі секторлар зардап шегетінін мәлімдеген еді.

Фото: Getty Images

Дүниежүзілік Банктің (ДБ) «Әлемдік экономиканың перспективалары» есебіне сәйкес, COVID-19 салдары әлемдік жалпы ішкі өнім көлемін 5,2%-ға төмендетеді. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы жаһандық ЖІӨ алғашқы кезеңде 6%, кейін 7,6%-ға дейін азаяды деп болжады. Сонымен қатар Азия Даму Банкінің дерегінше, әлемдік жалпы ішкі өнім 4,8%-ға азаюы мүмкін. Бұл өз кезегінде тікелей шетелдік инвестициялардың 6%-дан 15%-ға дейін төмендеуіне әкеп соқтыруы ытимал.

Дүниежүзілік Банк есептеуіне сәйкес, 2020 жылы іс жүзінде әлемдік экономика 3,1%-ға және 2021 жылы 5,9%-ға өсті.

Алайда, жасалған болжамдарға қарамастан, дүниежүзілік экономика әр мемлекеттің саясаты мен қабылдаған уақтылы шараларына тікелей байланысты болды. Дамыған елдер зардап шеккен салаларды қолдау және жұмыс орындарын құру үшін ынталандыру жоспарларын жүзеге асырса, дамушы елдер бұл бағытқа қажетті қаражат бөле алмады.

Фото: shutterstock.com

Осылайша, COVID-19 пандемиясы әлемде бұрын-соңды болмаған экономикалық дүрбелең тудырды. Сондықтан әлемдік экономиканың келешегін болжау - күрделі әрі ауыр міндет.

Инфляция әлемдік экономиканың басты мәселесіне айналды

Инфляция пандемиядан кейінгі кезеңде әлемдік экономикадағы ең үлкен проблемаға айналды. Халықаралық валюта қоры жариялаған «Жаһандық экономикаға шолу» есебінде әлем экономикасындағы инфляция биыл 6,6%, ал келер жылы 4,3%-ға төмендейтіні жазылған. Дегенмен бұл көрсеткіш пандемияға дейінгі деңгейден әлі де жоғары.

Инфляция өскен кезде несие берушілер қарызға жоғары пайыздық мөлшерлеме қояды. Бұл ретте ипотекалық және бизнес үшін берілетін кредиттердің пайызы артады. Осының нәтижесінде мемлекеттің, жеке компаниялардың, халықаралық қаржы институттарының қарызы үздіксіз өсіп барады.

Қазірдің өзінде борыштар жаһандық деңгейдегі экономикалық, қаржылық және монетарлық құлдырауға әкеп соғатындай мөлшерге жетіп отыр. Егер орталық банктер пандемиядан кейін инфляциямен күресу үшін пайыздық мөлшерлемелерді көтерсе, бұл көп компаниялар, көлеңкелі банктер және инвестициялық компаниялардың күйреуіне жетелейді. Тиісінше, ол бағалы қағаздар нарығына да теріс әсер етпек.

Климаттың өзгеруіне байланысты экономикаға төнетін қауіп

Пандемиядан соң туындаған тағы бір қауіп - климаттың өзгеруі. Ол апатты салдарға ұласуы ықтимал. Ал дамушы елдерді тіпті тығырыққа тіреп отырғаны белгілі. Бұл аса маңызды жаһандық мәселе. Өйткені, ірі қауіптердің барлығы бір-бірімен байланысып жатыр. Ол үшін CO2 шығарындыларын азайту қажет. Дегенмен бүгінде экономикалық шығындарды қысқарту есебінен ғана CO2 көлемін төмендетуден басқа жол жоқ. Дүниежүзі бойынша 2020 жыл өткен 60 жылдағы ең ауыр жыл болғанына қарамастан, сол жылы парникті газ шығарындылары 9%-ға қысқарды. Алайда екінші жағынан, егер белсенді экономикалық өсім болмаса, онда әлемдік экономикадағы қарыз мәселесі шешілмейді. Сондықтан қазір шет мемлекеттер CO2 шығарындыларынан арыла отырып дамитын жолдарды іздеуі қажет.

Фото: shutterstock.com

Технология мен инновация – басым бағыт

COVID-19 пандемиясы кезеңінде әлемдік экономиканы жаңа деңгейге көтеру процесі жеделдеді. Яғни, технологиялар жаһандық ауқымда алдыңғы қатарға шығып, инновациялардың маңызы артты.

Қазіргі уақытта әлемдік нарықтағы заманауи технологияларда қолданылатын тоқ өткізгіш материалдардың 50%-ын және жоғары сапалы жартылай өткізгіштердің 80%-ын өндіретін Тайвань айналасындағы жағдайдың шиеленісуін пандемия салдарының бірі ретінде қарастыруға болады. Өйткені, бүгінде экономикада дәстүрлі энергетикалық ресурстарға қарағанда, жартылай өткізгіштерге сұраныс артып келеді.

Фото: Getty Images

Әлемдік экономика көрсеткіштері қашан өсуі мүмкін

Былтыр қаңтарда Халықаралық валюта қоры жариялаған «Жаһандық экономикалық болжам» есебінде көрсетілгендей, әлемдік экономиканың өсуі биыл 2,9%-ға дейін баяулайды. Ал 2024 жылы керісінше 3,1%-ға өседі.

Украинадағы қақтығыс және пайыздық мөлшерлемелердің өсуі экономикалық белсенділікке үздіксіз әсер етіп жатыр. Бұл ретте Қытай экономикасының тез арада қалпына келуі – тұрақты даму мен көрсеткіштерді көтеруге жол ашты.

PricewaterhouseCoopers (PwC) болжамына сәйкес, биыл әлемдегі ең ірі 20 елдің ішінде Ресей экономикасында ғана құлдырау болады. Ол аталған елге пандемиядан кейін салынған санкцияларға байланысты. Газ, мұнай және көмір экспортына тыйым салу, шикі мұнайға шекті баға енгізу, әскери және әлеуметтік шығындардың артуы Ресей экономикасын баяулатты.


Соңғы жаңалықтар