Пандемиядан кейін дамудың басқа деңгейіне, жаңа жағдайға өтеміз - Арзықұлов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әлемді жайлаған індеттен кейін еліміз дамудың мүлдем басқа деңгейіне өтіп, әлеммен қатар жаңа жағдайда өмір сүретініміз бәрімізге айқын болып отыр. ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Әлеуметтік-экономикалық зертетулер бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Алмас Арзықұлов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі мәлімдемесінде 11 мамыр күні төтенше жағдайдың аяқталатынын жария етті. Алайда індеттің таралу қарқынына байланысты өңірлердегі карантиндік шаралар жалғасып, жағдайдың түзелуіне қарай алынып тасталады. Қазақстанның әлем елдері арасында алғашқылардың бірі болып пандемияға қарсы төтенше жағдай режимін енгізуі вирустың бақылаусыз таралуына жол бермей, жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Әлемнің басқа елдерімен салыстырғанда Қазақстандағы вирус жұқтырғандар мен індеттің құрбаны болғандардың саны айтарлықтай төмен болуы да соның айқын дәлелі, уақтылы қабылданған шаралар мен медицина саласы өкілдерінің ерен еңбегінің жемісі», - деді Алмас Арзықұлов.

Ол Президент тапсырмасы бойынша Үкімет пен Ұлттық банк экономикалық дамуды қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар әзірлеп жатқанын айтты.

«Еліміздегі пандемияға қатысты жағдайдың тұрақтануын ескере отырып, Президент алдағы уақытта ұлттық экономиканы жандандыру қажеттігін ерекше атап өтті. Президент тапсырмасымен Үкімет пен Ұлттық банк даярлаған экономикалық дамуды қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды әзірлеп жатыр. Жоспарда ұлттық экономикада орын алған түбегейлі өзгерістер жағдайында оны басқарудың институционалдық және құрылымдық реформалары ескерілетін болады. Кейбір шараларды Президент бүгін атап өтті.

Коронавирус індетінен туындаған күрделі кезең еліміздің экономикасының осал тұстарды аңғартты. Әлемдік экономиканың дағдарысымен қатар елімізде де көптеген кәсіпорындар мен бизнестің жұмысы тоқтап, жұмыссыздық орын алды. Жаңа жағдайда жұмыспен қамтамасыз ету және экономикалық тиімділікті арттыру үшін экономиканы әртараптандыру үдерісін жалғастырып, шағын және орта бизнеске барынша жағдай жасау қажет. Сонымен қатар адами капиталды дамытып, ұлтымызды бәсекеге қабілеттілік деңгейіне көтеру қажет. Осыған орай алдымызда білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларын да түбегейлі жаңғырту, саяси реформалар жүргізу міндеті тұр», - деді Алмас Арзықұлов.

Оның айтуынша, әлемді жайлаған індеттен кейін еліміз дамудың мүлдем басқа деңгейіне өтіп, әлеммен қатар жаңа жағдайда өмір сүретініміз бәрімізге айқын болып отыр.

«Ел алдында экономикаға және мемлекеттік басқару жүйесіне ауқымды әрі маңызды өзгерістер енгізу міндеті тұр. Біз әлемдік деңгейдегі «жасыл энергетика» және сандық технологияларға өту үдерісінен шет қалмай, оларды өз экономикамыз бен қоғамымыздың қажетіне жаратуымыз керек. Бұл міндетті атқаруға әрбір қазақстандық өз үлесін қоса алады. Ол үшін күнделікті өмірде қажетті санитарлық нормаларды ұстанып, отандық тауарлар мен қызмет түрлерін тұтынуға ұмтылып, ішкі туризмге артықшылық беріп, мүмкіндік бар жағдайда осал топтарға қол ұшын созуымыз қажет», - деді Алмас Арзықұлов.

Оның айтуынша, дағдарыстан тиісті сабақ алып, қателіктерді ескере отырып, даму үшін жаңа серпіліс ала білген елдер ғана қатардың алды болуға қабілетті.

«Ол үшін тұтас мемлекет, бірегей ел болып, әрбіріміз аянбай өз үлесімізді қосуымыз керек», - деді Алмас Арзықұлов.


Соңғы жаңалықтар