Пандемиядан бұрын саяхатқа шыққан теңізші үйіне оралды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Францияның Бретань аймағындағы Сен-Ке портына шкипер Ян Кененің яхтасы оралды. Ол үш жылдан астам уақыт бұрын сол жерден әлемді айналып шығуға аттанып, пандемия біткенде жеңіспен оралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Еuronews-ке сілтеме жасап.

Теңізші гаражында жасап алған өзінің желкенді қайығымен саяхаттады. Төрт метрлік қайығы «Балюшон» деп аталады, аудармасы таяққа байлап, иыққа асып жүретін түйіншек мағынасын білдіреді. Оның шағындығы сондай, ең қажетті заттан артық ештеңе сыймайды.

Кене қандайда бір рекорд жасау үшін емес, тек өзінің қалауымен жолға шыққанын айтады. Ол келе-сала келесі саяхаты туралы ойластырып үлгерген.

«Мен жаңа желкенді қайық жасағым келеді. Кішкентай, өте кішкентай. Үлкен кемелерді аса ұнатпаймын, олар «үлкен», байсалды адамдарға арналған. Ал, мен ондай емеспін. Жаңа қайықпен Канаданың солтүстігіне қыстауға барамын. Ол жерде қалай болатынын әлі білмеймін, бірақ бұл менің жаңа мақсатым: қысты қиыр солтүстікте өткізу».

Теңізші саяхатта жүрген кезде пандемия басталды және аяқталды. Дегенмен, індет оның жоспарына әсер етпей қоймады. Бастапқыда Кене қайығын көліктің төбесіне тиеп, Австралияны құрлықпен кесіп өткісі келген. Бірақ, шекаралардың жабылуына байланысты теңіз арқылы айналып өтуіне тура келіпті.


Фото: DAMIEN MEYER/AFP



Соңғы жаңалықтар