Пандемияда балаларға қандай көмек көрсетілді – Аружан Саин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин пандемия кезіндегі балалар құқығын қорғау жұмыстары жөнінде баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бақытымызға орай, ересектерге қарағанда балалар коронавирусты жеңіл өткереді. Бұл өте маңызды деп ойлаймын. Барлық ауырған балалар коронавирусты жеңіл формада өткізді. Дегенмен, бұл пандемия балалардың өміріне айтарлықтай әсер етті. Балабақша мен мектептен бастап, интернат пен балалар үйінде де карантин жалғасуда. Әрине, оңай емес. Балалар мен ата-аналарға сабыр мен төзім қажет. ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқығын қорғау комитеті ата-ана қарауынсыз қалған балалар мекемесіндегі жағдайды үнемі қадағалайды. Әр сәрсенбі сайын барлық мекеме директорларымен онлайн жиналыс өтеді. Өкінішке қарай, ауру ошақтары да бар. Мәселен, Аягөз интернатында 40-қа жуық адам – қызметкерлер мен балалар ауырып қалды. Балалардың ауруды жеңіл өткеріп жатқаны хабарланды. Қазір онда тәжірибелі педиатр жұмыс істеп жатыр. Жағдай реттеледі деп ойлаймыз», - деді Аружан Саин Фейсбукте өткен Antikor.live конференциясында.

Оның айтуынша, өзге де ауыр сырқатқа ұшыраған балаларға да көмек көрсетіліп жатыр.

«Біз оларға қажетті құралдарды барынша көп алуға тырыстық. Мысалы, эпилепсия диагнозы бойынша препараттар ала алмадық. Жақын арада аламыз деп үміттенемін. Осы орайда катетер алып, балаларды бір жылға қамтамасыз етуі тиіс болған жергілікті атқару органдарына шағымданғым келеді. Менде әлі барлық өңірлердің катетер сатып алғаны туралы ақпарат жоқ. Бұл катетерлер Қазақстанда өндіріледі, бірақ бірде-бір әкімдік бұл зауыттан бұйым сатып алмаған. Өзге шетелдік өндірушілерден импорттық заттар алдырған», - деді спикер.

Сонымен бірге Аружан Саин мемлекеттік сатып алулар мәселесін қарауды өтініп, ҚР Президентіне хат жолдағанын айтты.

«Әзірге 177 млн теңгеге көмек көрсетілген. Қазақстанның барлық клиникалары коронавирус инфекциясы бойынша біздің қорға хабарласа алады. Әрине, біз барлығын тауып бере алмаймыз. Катетер өндіретін зауыт алғашқы партиясын – алдыңғы шикізаттардан жасалған бұйымдарды 95 теңгеден берді. Ал соңғы шикізаттар бойынша шамамен 150 теңге болады. Мен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, мемлекеттік сатып алулар саласын тексеруді сұрадым, әкімдіктердің қажетті бұйымдарды үстемеленген бағамен алып жатқанын айттым», - деді Аружан Саин.


Соңғы жаңалықтар