Пандемияда алаяқтар мен қаржы пирамидалары қазақстандықтарды 417 млрд теңгеге алдаған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Пандемия өршіген тұста алаяқтар мен қаржы пирамидалары қазақстандықтардан 417 млрд теңге алдап алған. ҚР Бас прокуроры Ғизат Нұрдәулетов Мәжіліс өкілдерінің депутаттық сауалына берген жауабында осы тенденциямен күрес қалай жүріп жатқанын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің дерегі бойынша, 2020 жылғы наурыз бен 2021 жылғы сәуір аралығында «алаяқтық» және «қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету» баптарымен қатысы бар 41 307 құқық бұзушылық тіркелген. Осы істер бойынша зардап шеккендердің жалпы саны 40 833 адамға жеткен. Ал келген залалдың мөлшері 417 миллиард теңге болған.

Бір топ Мәжіліс өкілінің ҚР Бас прокуроры Ғизат Нұрдәулетовке жолдаған депутаттық сауалында осындай проблема көтерілген.

Бас прокурор сауалға берген жауабында бұл іспен қазір Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жанынан құрылған арнайы комиссия айналысатынын айтады.

«Қаржы пирамидаларын анықтау және жолын кесу, материалдарын құқық қорғау органдарына беру үшін Бас прокуратураның бастамасымен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жанынан (Ұлттық банк, АФМ, Қаржымині, АҚДМ, ІІМ-мен бірлесіп) ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды», - деп жазды Ғизат Нұрдәулетов депутаттық сауалға жауабында.

Оның айтуы бойынша, ведомствоаралық жұмыс тобының аясында мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимыл және қаржылық пирамида белгілері бар ұйымдардың қызметін тоқтата тұру шараларды қабылдау тетігі әзірленген.

Сондай-ақ, интернет-ресурстар бұғатталып, БАҚ-та түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді.

«Бұл жұмыстар 12 қаржы пирамидасын ерте бастан анықтап, бірден қызметін тоқтатуға мүмкіндік берді. Аталған нысан иелерінің үстінен сотқа дейінгі тергеу басталды. Қаржы пирамидаларына және заңсыз қаржы операцияларына қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыс тұрақты бақылауда. Бас прокуратура осы сауалды назарға ала отырып, заңдылықты нығайту және азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту бойынша одан әрі бірлескен жұмысқа дайын», - деп түйіндеді бас прокурор.


Соңғы жаңалықтар