Пандемия телемедицинаға деген сұранысты арттырды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Пандемия кезінде телемедицина халықты медициналық қызметтермен қамтамасыз етудің тиімді шешіміне айналды.

Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында жыл басынан бері телемедицина арқылы 714 кеңес берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, Педиатрия жəне балалар хирургиясы ғылыми орталығы телемедицинаны 2012 жылдан бастап қолданып келеді. Осы заманауи тәсіл арқылы еліміздің әр түкпіріндегі клиникалар Педиатрия жəне балалар хирургиясы ғылыми орталығы мамандарынан денсаулық жағдайы ауыр балаларды емдеу бойынша қашықтан кеңес алып отырады. 2019 жылы – 481 телекеңес берген. Ал 2020 жылы карантинге байланысты онлайн режиміндегі консультацияның саны артты. Педиатрия орталығы дәрігерлері пандемия кезінде, яғни наурыз айынан бастап 447 телемедицина процедурасын өткізіп, еліміздің әр аймағындағы ауыр халде жатқан кішкентай пациенттерге көмек көрсетті. Ал жыл басынан бері жалпы саны - 714 телеконсультация берді.

«Ауыр қызметіне қарамастан, орталық мамандары уақыт тауып, өз жұмыстарымен қатар республиканың әр өңіріндегі әріптестеріне көмек қолын созып, консультациялық кеңес берді. Мұншама зор кеңес беру телемедицина тарихында бұрын-соңды болмаған»,– деп хабарлады Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығынан.

Төтенше жағдай кезінде санитарлық авиация бойынша өңірлерге 665 ұшу ұйымдастырылып, күрделі созылмалы аурулары бар 1099 балаға медициналық көмек көрсетілді, оның ішінде 283 жаңа туған нәресте бар.

Бұдан басқа, орталық қызметкерлері республика бойынша халі ауыр барлық балаларға WhatsApp чаттары бйынша тұрақты мониторинг жүргізеді.

«Елімізде COVID–19-бен байланысты мультижүйелі қабыну синдромы (Кавасакиге ұқсас синдром) жағдайлары тіркелген сәттен бастап республикалық орталықтар мен елдегі жетекші жоғары оқу орындарынан сарапшылардың жұмыс тобы құрылды. Олар онлайн режимде және телемедицина бойынша мультижүйелі қабыну синдромына күдігі бар барлық балаларды қарап, емдеу бойынша жетекшілік ете бастады. Симптомдары мультижүйелі қабыну синдромына келеді деген науқас балалар бойынша шұғыл хабарлама 10 сағат ішінде Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына келіп тұрады. Дер кезінде көрсетілген көмектің арқасында 40 бала ауруынан сауығып шықты. Барлығы 74 балаға консультациялық көмек көрсетілді. Қиын кезеңдерде де телемедицина арқылы медициналық көмектің көп балаға көмегі тиді»,– деп атап өтті орталықтағылар.

Сондай-ақ, телемедицина бағыты медициналық мекемелермен және шетелдік клиникалармен телекөпір өткізуге, шетел мамандарымен медициналық пікір алмасуға мүмкіндік береді. Телемедицина арқылы республика бойынша науқастарды емдеу үшін консилиумдар және өңірлік дәрігерлердің біліктілігін арттыруға арналған жоспарлы телелекциялар ұйымдастырылып отырады .

Телемедицина емдеу мен диагностиканың тиімділігін сапалы жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді, бұл қарау мен емдеу уақытының қысқаруы, аурулардың асқынуының азаюы, жоғары білікті консультативті медициналық көмек алу, кеңес беру үшін салалық маман дәрігерлерді тарту және өлім-жітімді азайту.


Соңғы жаңалықтар