Пандемия: ШҚО-да 500-ден астам кәсіпкер жұмысын жандандыра алмай отыр

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында бүгінде 500-ден астам кәсіпкерлік субъектісі жұмысын жандандыра алмай отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Пандемия мен карантиндік шектеулер барлық салаға өз әсерін тигізді. Осы кезеңде компаниялардың көбісі елеулі шығынға ұшырады. ШҚО Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, төтенше жағдай кезінде аймақта 14 412 кәсіпкерлік субъектісі өз қызметін тоқтатуға мәжбүр болды. Карантиндік шаралар ойын-сауық индустриясынан пайда тауып отырған кәсіп өкілдерін табыстан айырды.

«Күні бүгінге дейін Шығыс Қазақстанда 530-ға таман кәсіпкерлік субъектісі өз жұмысын қайта бастай алмай келеді. Оның ішінде интернет-клубтар, букмекерлік кеңселер, бильярд, караоке, боулинг орталықтары бар. Ойын-сауық саласында еңбек еткен 4,3 мыңға жуық адам жұмыссыз қалды», - делінген ШҚО Ақпарат орталығының хабарламасында.

Пандемия басталғалы бері үлкен қиындыққа тап болған салалардың бірі – туризм. ШҚО Статистика департаментінің мәліметіне сүйенсек, тек 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда туристік орындарға келушілер саны 32% азайған. Демалушыларды орналастыру орындарындағы қызметтердің көлемі осы жылдың 6 айында өткен жылмен салыстырғанда 38,4% төмендеді. Коронавирус инфекциясының екінші толқыны өршіп, қатаң шектеулер енгізілсе туристік компаниялар банкроттыққа ұшырайды.


Соңғы жаңалықтар