Пандемия салдарынан Қазақстанға келетін туристердің саны 3,6 есе азайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавирус пандемиясы туризм саласына үлкен соққы жасады. Әлемнің қай еліне болмасын келетін туристердің саны күрт төмендеді. Әлбетте, бұл індеттен туындаған дағдарыс Қазақстанға да әсер етпей қойған жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Energyprom.kz ақпарат көзіне сілтеме жасап.

2020 жылдың бірінші тоқсанында сыртқы туризмнің әлемдік көрсеткіші алдыңғы жылғы көрсеткіштен 28,6%-ға төмен болды.

Ал екінші тоқсанда бүкіл әлемде ең қатаң карантин шектеулері енгізілген кезде туризм толықтай тоқтап, шетелдік туристердің әлемдік ағыны 18,4 есе азайды (Қазақстан Республикасында осы кезеңде - 16,7 есе).

Жалпы, 2020 жылы Дүниежүзілік туристік ұйымның мәліметтері бойынша шетелдік туристердің әлемдік ағыны 3,8 есе құлдыраған.

«Қазақстанда былтыр «коронадағдарыстың» үш тоқсанында (соңғы тоқсандағы мәлімет әлі шыққан жоқ) елге кірген туристер саны бірден 3,6 есе азайып, 1,8 млн адамды құрады. Алдыңғы жылы елге 6,4 млн турист келген еді. Қазақстаннан шетелге шыққан туристер саны 2,4 миллион адамды ғана құрады. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 3,4 есе аз», - делінген energyprom зерттеуінде.

Қазақстандағы қонақ үйлер мен кісі орналастыратын басқа да орындарға үш тоқсанда келушілер саны 2,6 миллион адамды құрады.

Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен екі есе аз. Сонымен бірге шетелдік туристер - жалпы келушілер санының тек 7,5%-ын құрады (алдыңғы жылы - 15,5%).

Қонақ үйлер, жатақханалар, санаторийлер және басқа орналастыру орындарының саны бір жыл ішінде 3,9% -ға, яғни 2020 жылдың үшінші тоқсанының соңында 3,5 мыңға дейін азайды.

Қазақстанда отандық туризмді дамыту мақсатында Qazakhstan Travel and Tourism Council ресурс орталығы құрылған.

Қазіргі таңда орталық туризм саласындағы инновациялық технологияларды енгізу мәселесін пысықтап жатыр.

Орталық ең алдымен туристік қызмет көрсететін бизнес өкілдеріне қолдау көрсетпек.


Соңғы жаңалықтар