Пандемия елді цифрландырудың бүкіл кемшілігін айқындап берді - Тоқаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес шаралары жөніндегі кеңесте медицина саласындағы цифрлық технологияларды тезірек іске қосуды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Пандемия елді цифрландырудың бүкіл кемшілігін айқындап берді. Мәліметтердің үлкен қоры жиналатын денсаулық сақтау саласында да сол жағдай. Ал жағдайды мониторингілеу әлі де болса қолмен жазу режимімен жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты тиісті ведомствоның басшысы Асқар Жұмағалиевке ескерту жариялаймын», - деген Президент ескертудің не үшін беріліп отырғанын түсіндірді.

Президент Қазақстанда әлі де болса эпидемияның толыққанды жағдайы туралы ақпарат жоқтығын атап өтті. Мұндай ақпарат болған жағдайда сенімді есеп жүргізіп, ресурсты тиімді бөлуге мүмкіндік болар еді.

«Науқастар мен олармен қарым-қатынаста болғандарға цифрлық мониторинг жасаудың құқықтық аспектілерін жедел шешу керек. Байланыс операторларында даярлық пен мүмкіндіктер бар. Алайда мемлекеттік органдар тарапынан ұйымдастыру мәселелері шешілмеген. Мемлекеттік комиссияға осы мәселелердің бәрін реттеуді, медицинадағы цифрлық технологияларды тезірек іске қосуды тапсырамын. Жалпы жоспарланған шаралар мен цифрлық трансформация бойынша мемлекеттік қызмет түрлерінің бәрі де екі есе тез жүзеге асырылып, жаңа сапалы деңгейде іске асуы тиіс», - деді ол.

Еске салайық, Мемлекет басшысы жұмысына салғырт қарағаны үшін Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновке, Ақтөбе облысының әкімі О.Оразалинге, Павлодар облысының әкімі Ә.Сқақовқа және Ведомствоаралық комиссияның төрағасы Е.Тоғжановқа сөгіс жариялады.

Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгіновке, Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаевқа, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі А.Жұмағалиевке ескерту жасалды.

Атырау, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне өңірлердегі ахуалды реттеу қажеттігін ескертті.

Сондай-ақ Қ.Тоқаев Үкіметке 2 күннің ішінде қатаң карантин шараларын енгізу бойынша ұсыныс әзірлеуді тапсырды.




Соңғы жаңалықтар