Пандемия әлі аяқталған жоқ - ДДҰ ЕАБ басшысы

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Пандемия әлі аяқталған жоқ. Бұл туралы Қазақстанға іс сапары барысында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймақтық бюросының басшысы Ханс Клюге мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ханс Клюге коронавирус пандемиясы әлі де жалғасып жатқанын айтып, халықты карантин талаптарын сақтауға шақырды.

«Пандемия әлі аяқталған жоқ. Еуропа аймағындағы 53 елдің 18-де инфекция өршіп тұр. Десекте, жақсы үдеріс бар, қоғамда ұжымдық иммунитет қалыптаса бастады, вакцинация деңгейі жоғары елдерде экономика біртіндеп қалпына келіп, өлім-жітім азайды», - деді спикер Алматыдағы жұмыс сапары барысында.

Оның айтуынша, вакцинация деңгейі өте төмен елдерде инфекция қайта өршіп барады.

«Мен болашаққа сеніммен қараймын. Коронавирус бізді бірнеше рет таң қалдырды. Ертеңгі күні оның жаңа нұсқасы пайда болуы да мүмкін. Алайда, халық оны ешқандай локдаунсыз жеңе алады. Тек төрт шартты орындаса болғаны:

Біріншіден, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобын қорғау керек. Өйткені, COVID-19-дан қайтыс болған адамдардың басым бөлігі екпе алмаған егде жастағы немесе созылмалы ауруға шалдыққан адамдар. Яғни, вакцинация алмағандар коронавирусқа қарсы екпені алу қажет. Ал екпе алғандар оның үшінші, күшейткіш дозасын алуы тиіс.

Екіншіден, әрбір ел вирустың жаңа нұсқасы пайда болған кезде басқа мемлекеттерге хабарлау үшін мониторингті күшейтуі керек. Оны медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдары арқылы жасауға болады.

Үшіншіден, коронавирусқа қарсы препараттардың қолжетімді болуы өте маңызды. Вирусты жеңудің жақсы жолы - вакцинация және емдеу.

Төртіншіден, мемлекеттер қабылданған шараларды бірте-бірте жеңілдетуі керек. Алайда адамдар көп жиналатын жерлерде әлі де маска тағуды ұсынамын»,- деді ол.


Соңғы жаңалықтар