Пандемия: Әлеуметтік осал топтағы жастар БҰҰ ДБ арқылы тағылымдамадан өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – БҰҰ Даму Бағдарламасы короновирусы пандемиясының әлеуметтік-экономикалық зардаптарын жұмсарту бойынша Қазақстан үкіметіне жедел қолдау көрсету бағдарламасы аясында әлеуметтік осал топтағы 150 жасқа жұмысқа орналасу мүмкіндігін берді.

Карантин кезінде жұмысынан айырылған жастар кәсіби біліктіліктерін арттыру тренингтері мен менторлық қолдауды қамтитын үш айлық тағылымдамадан өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қатысушылар Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары және Қарағанды облысындағы кәсіпорындар, үкіметтік емес ұйымдар және мемлекеттік органдарға жіберілді. Жастар жаңа кәсіп игеру, тәжірибе жинақтау мүмкіндігіне ие болып, оған қоса ай сайын 60 000 теңге көлемінде шәкіртақы алып отырды. Үш ай аралығында жұмыс берушілер оларды байқап көріп, үздіктеріне тағылымдамадан соң еңбек келісімшарттарын ұсынды», делінген баспасөз баянында.

Айта кетерлігі, тағылымдамадан өтушiлердің басым бөлігі (84 адам) – әйелдер екен. Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек алушылардың 90% астамы да әйелдер екені мәлім.

«Қазақстанда, бүкіл әлемде сияқты, COVID-19 пандемиясының елеулі әлеуметтік-экономикалық зардаптары байқалады, бұл әсіресе әлеуметтік аз қорғалған халыққа ауыр әсер етуде. БҰҰ ДБ бастамасы экономикалық белсенділіктің бәсеңдеуі және жалпы еңбек нарығындағы белгісіздік жағдайында әлеуметтік осал топтағы жастардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту мен кәсіби біліктіліктерін дамытуға үлес қосуға бағытталған», - деп атап өтті Қазақстандағы БҰҰ ДБ Тұрақты өкілі Якуп Бериш.

Жобаға әлеуметтік осал топқа кіретін жастарымен жұмыс істеуге арнайы оқытылған 25 тәлімгер жұмылдырылды. Тәлімгерлер қатысушылармен тұрақты түрде топтық және жеке кездесулер, мақсат қою, өзін-өзі ұйымдастыру, командада жұмыс істеу және тайм-менеджмент негіздері бойынша тренингтер өткізді. Коронавирус инфекциясының таралуына байланысты вирусқа қарсы шараларды сақтау және қашықтан тиімді жұмыс істеу тақырыптары да өзекті болды.

Бұл бастама - БҰҰ Даму Бағдарламасының жастарды жұмыспен қамту бойынша Қазақстандағы кең көлемді стратегиясының бір бөлігі, қайта даярлау және кәсіби біліктіліктілікті арттыру, сонымен қатар еңбекке қажет кәсіпкерлік машықты, сенімділік пен орнықтылықты нығайту арқылы жұмысқа орналастыруда қолдау көрсетуге бағытталған.


Соңғы жаңалықтар