Пән олимпиадаларын өткізуге қандай өзгерістер енгізілді – «Дарын» РҒПО

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР БҒМ «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Камила Башарова пән олимпиадалары мен ғылыми жобалар байқауын өткізудегі өзгерістер туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Директордың айтуынша, оқушылар арасындағы олимпиадалар қорытындысы бойынша әр пәннен «2019 жылғы Қазақстанның үздік 100 олимпиадалық мектебі» ресми рейтингісі құрылған.

«Республикалық ғылыми жобалар байқауы мен олимпиадаларда бірінші және екінші тур және әділ қазы алқасының жұмыстарды тексеруі, ұпай мен жүлделі орындарды бөлуі онлайн трансляцияланды. Қазір олимпиаданың барлық мектептік, аудандық, облыстық кезеңдерін дәл осындай әділдікпен қамтамасыз ету механизмдері әзірленіп жатыр», - деді К. Башарова.

Сонымен бірге, ол республикалық ғылыми жобалар байқауын өткізу ережесіне өзгеріс енгізілетінін хабарлады.

«Биылғы оқу жылында Қазақстанның құрама командаларының басшыларын анықтауда балаларды олимпиадаға дайындап жүрген бұрынғы халықаралық олимпиада қатысушыларына басымдық берілді. Қазақстан құрама командасының қатысушыларын іріктеу ұстанымдары және олимпиада мен оқу-жаттығу жиындарының рейтингтері бойынша құрылуы стандартталды», - деп атап өтті К. Башарова.

Одан бөлек, ақылы ойындар мен конкурстарды, олимпиадаларды алып тастап, орнына тегін интернет-олимпиадаларды енгізу жұмыстары басталды.

«Мұғалімдерге арналған ақылы конкурстар мен өзге де шараларды ұйымдастыруға түбегейлі тыйым салынды. Олар тек «Дарын» РҒПО немесе жіберуші тарап есебінен ғана өтуі тиіс. Республикалық жасөспірімдер олимпиадасын ұйымдастыру мен өткізу деңгейі айтарлықтай көтерілді», - деді ол.

Орталық басшысының хабарлауынша, дарынды балаларды табу мен қолдау көрсету орталықтарының тұжырымдамасы құрылады. Сәйкесінше, таланттарды табу, оқыту, дамыту және қолдау көрсетуге барынша ыңғайлы жағдай жасалады және әрбір ата-ана балаларының қабілетін тексертіп, ұсынымдар ала алады.

«Мұндай орталықтарды өңірлердегі «Дарын» орталықтарының базасында құру жоспарланған. Оларды қаржыландыру механизмдері жасалып жатыр. Ауылдар мен кіші қалалардағы оқушылар үшін бөлек ұлттық зияткерлік турнир өткізу ұсынылды. Бұл бастаманы Тұңғыш Президент қоры қолдады және «Ел үмiтi» жобасы аясында толық баяндалады», - деп атап өтті Камила Башарова.

Спикердің айтуынша, еліміздің талантты жастары үздік тренерлермен олимпиадаға жыл бойы жүйелі әрі сапалы дайындалуы үшін тегін тұрақты онлайн-мектеп ашу жоспарланып отыр.

Бұған дейін «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының «Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында педагогтың үздіксіз кәсіби дамуы» тақырыбындағы тамыз педагогикалық кеңесін алғаш рет online режімде өткізгені хабарланған еді. Бұл кеңестің мақсаты - білім мазмұнын жаңарту жағдайында мамандандырылған мектептерде сапалы білім беруді қамтамасыз ету.

Соңғы жаңалықтар