Пәкістанның бұрынғы президенті Первез Мушарраф қайтыс болды

None
ИСЛАМАБАД. ТАСС – ҚазАқпарат – Пәкістанның бұрынғы президенті Первез Мушарраф (2001-2008) 80 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Бұл туралы жексенбі күні Geo.tv Пәкістан телеарнасы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Бұрынғы мемлекет басшысы Дубайда жеке ауруханада жатқан.

Генерал Мушарраф Пәкістан билігіне 1999 жылы қазанда әскери төңкеріс нәтижесінде келген. 2001 жылы 20 маусымда ол премьер-министр және құрлық күштері штабының бастығы қызметін сақтай отырып, өзін президент деп жариялады.

2002 жылдың сәуірінде оның президенттік мерзімі бес жылға ұзартылды.

2007 жылы Мушарраф оппозициямен келіссөз жүргізуді талап еткен өз ортасымен, сондай-ақ оның кезекті президенттік сайлауға қатысуына қарсы шыққан Жоғарғы сотпен қақтығысқа түсті.

Соған қарамастан, ол 2007 жылдың 6 қазанында жаңа мерзімге қайта сайланды, бірақ Жоғарғы соттың сайлау қорытындысын бекітуді кешіктіруі ішкі саяси дағдарысты тудырды.

Бұл жағдайда 2007 жылдың 3 қарашасында Мушарраф төтенше жағдай енгізіп, Конституцияны және бірқатар азаматтық бостандықтарды тоқтатты.

Сол жылы 28 қарашада ол армия қолбасшысы қызметінен кетіп, азаматтық президент ретінде ант қабылдады.

Алайда, 2008 жылдың ақпанында өткен парламент сайлауы оппозицияға жеңіс әкелді, сондықтан импичмент жарияламау үшін Мушарраф 2008 жылы 18 тамызда отставкаға кетуге мәжбүр болды, содан кейін Лондонға кетті.

2013 жылдың 24 наурызында Мушарраф парламент сайлауына қатысу үшін отанына оралды. Алайда 31 наурызда оған қарсы бірнеше қылмыстық іс қозғалды.

Сол жылы 18 сәуірде сот оны тұтқындауға санкция берді, 20 тамызда оған ресми айып тағылды. Мушарраф қамауға алынып, үй қамауында болды.

2016 жылдың наурызында оған емделу үшін шетелге кетуге рұқсат етілді, ол Пәкістанға сотқа келуге уәде берді.

2019 жылдың 17 желтоқсанында Пәкістанның арнайы соты Мушаррафты өлім жазасына кесті.

Ол Конституция әрекетін тоқтата тұруға және 2007 жылы төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты сатқындық жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

Пәкістанның бұрынғы басшысы соңғы жылдары Дубайда (БАӘ) тұрды.


Фото: Reuters

Соңғы жаңалықтар