Пәкістанда су тасқынынан 1100-ден астам адам қаза тапты

None
None
ИСЛАМАБАД. ҚазАқпарат - Толассыз жауған жаңбыр мен су тасқыны салдарынан Пәкістан аумағының үштен бір бөлігін су басып, мыңнан астам адам, оның ішінде балалар қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Daily Mail сайтына сілтеме жасап.

Ел премьер-министрі Шехбаз Шариф 1100-ден астам адамның қайтыс болғанын, оның ішінде 380-дей бала көз жұмғанын мәлімдеді.

Пәкістан билігінің есебі бойынша, табиғи апаттан 33 миллион адам зардап шеккен. Бұл – ел тұрғындарының 15 пайызы. 50 мыңнан астам адам елдің солтүстік-батысына көшірілді.

Табиғи апаттарды басқару ұлттық агенттігінің басшысы Ахтар Наваз Пәкістандағы 160 ауданның 72-сі табиғи апаттан зардап шеккенін айтты. 800 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы алқаптары су астында қалды.

Ағымдағы жылдың тамыз айында елде жауын-шашын 190 пайызға дерлік көп түсті. Әсіресе 50 млн халқы бар Синд провинциясы қатты зардап шекті, мұндағы жаңбыр 30 жылдағы орташа көрсеткіштен 466% көп жауды.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш халықаралық қауымдастыққа үндеу жариялап, 5,2 млн адамға азық-түлік, су, санитарлық және медициналық көмек көрсету үшін 160 млн доллар бөлуге шақырды.

Пәкістан қазірдің өзінде Халықаралық валюта қорынан 1,1 млрд доллар көлемінде қаржылай көмек алды. Үкіметтің алдын ала есебі бойынша, су тасқынынан келген шығын 10 млрд доллардан асып отыр.


Фото: AFP


Соңғы жаңалықтар