Пәкістан терроризм қаупінен қалай қорғанып отыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Пәкістан Ислам Республикасының Ислам идеологиясы кеңесінің төрағасы Кибла Айаз өз елі діннің атын жамылған террористердің қаупінен қалай қорғанып отырғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің өмір сүріп жатқан ХХІ ғасырда зорлық-зомбылыққа бейім күштер әлемнің әр түкпірінде бой көтере бастады. Азия мен Таяу Шығыста бұл құбылыс айқын байқалады. Аль-Каида аса үлкен болмаса да, біздің әлемді түбегейлі өзгерте алған ұйым болғаны шындық. Міне, сондықтан зорлық-зомбылықпен, экстремизммен күресте халықаралық бағыт-бағдар өзінің жұмысын жетілдіруі керек. Экстремизммен күресте жеңіске жету үшін мәселеге академиялық, интеллектуалдық дәрежеде қарай білген жөн. Әсіресе, жастардың жүрегіне махаббат ұялату - меніңше ең күрделі жұмыс», - дейді Кибла Айаз Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі аясындағы «Жаһандық қауіпсіздік тұжырымдамасы ретіндегі «Манифест. ХХІ ғасыр»» тақырыбында өткен отырыста.

Оның айтуынша, дін көшбасшыларының арасында диалогты қалыптастырып отырған қазақ моделінен әлем елдерінің үйренері көп. Кибла Айаз өз сөзінде сондай-ақ терроризмді еңсеру үшін қатал күрес жүргізу керектігін айтады.

«Пәкістан осыдан аз уақыт бұрын жаңа діни жарлық шығарды. Оған барлық улемдер, яғни діни көшбасшылар қол қойды. Ол жарлықта қарапайым адам немесе адамдар тобының жиһад жариялауға қақы жоқ. Сонымен қатар, ол жарлықта өзін-өзі өлтіре отырып, шабуылдайтындардың әрекеті - Исламға қарсы екені жазылған. Пәкістан қарулы топтарға қарсы қатал күрес жүргізді. Міне, соның арқасында Ауғанстанмен шектесетін Пәкістанның батысында қоғамның қауіпсіздігі артып, тәртіп күшейе түсті. Біз бейбіт әлем үшін өзге елдермен өз тәжірибемізді бөлісуге дайынбыз», - деді Кибла Айаз.

Еске сала кетсек, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі Астанада кеше басталған болатын. Алқалы жиынға барлық әлемдік және дәстүрлі діндердің өкілдері, сонымен қатар беделді діни лидерлер, саяси қайраткерлер мен халықаралық ұйым өкілдерінен құралған 46 елден 82 делегация қатысуда.

Съез барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтып, қауіпсіз әлемді қалыптастыру жолында конфессияаралық, өркениетаралық диалог орталығын бекітуге дайын екенін мәлімдеген болатын.

 

Соңғы жаңалықтар