Өзіңді өзгертпей, өмірдің жаңа жағдайына бейімделе алмайсың - Данияр Есин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сарапшылар қоғамдастығы мен ғылыми-зерттеу құрылымдарының өкілдері «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық саяси институтында дөңгелек үстел өткізіп, Президент Жолдауының негізгі ойларын талқылады.

«Ұсынылған барлық бастамалар ұлт бәсекелестігінің негізгі факторы ретінде қазақстандықтардың жаңа менталдылық бейнесін қалыптастыруға септігін тигізеді», – деді дөңгелек үстелде алғашқы сөзді алған «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ басқармасының төрағасы Данияр Есин.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған шешімдер міндетті түрде оң нәтиже беруі тиіс.

«Қазіргі жағдайда халықтың жұмысбастылығы мен табыс көздерін сақтау – азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға жасалатын басты қадамдардың бірі болып отыр. Сондай-ақ Ұлттың жаңа бейнесін қалыптастырып, болашағымызды құру мәселесі де өте өзекті болып отыр. Өзіңді өзгертпей өмірдің жаңа жағдайына бейімделу мүмкін емес. Міне, Мемлекет басшысының халыққа жолдаған басты үндеуі - осы», - деп Данияр Есин өз ойын қорытындылады.

ҚР Президенті жанындағы ҰҚСК мүшесі, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия мүшесі, заң ғылымдарының докторы Марат Бәшімов Мемлекет басшысы 1,5 сағат ішінде қоғамның барлық өзекті мәселелерін қозғап, еліміздің дамуының басты бағыттарын атап өткендігін айтты.

«Заңгер ретінде маған Президенттің құқықтық блокқа ерекше назар аударғаны ұнады. Мәселен, қылмыстық саланы модернизациялау, азаматтардың құқықтарын халықаралық жоғары талаптарға сәйкес қорғау, құқық қорғау саласы мен сот жүйесіне реформа жасау, сот мамандарын іріктеу, учаскелік қызметкерлердің мәртебесін көтеру, жемқорлыққа төтеп беру, әкімдерді сайлау сынды мәселелердің барлығы бүгінгі таңда өте актуалды. Сондықтан, Мемлекет басшысының осы мәселелерге өзгерістер енгізу туралы ойларын қуана құптадым», - деді Марат Бәшімов.

Өз кезегінде заң ғылымдарының кандидаты, «Тұран-Астана» университетінің ғылым және сыртқы байланыстар жөніндегі проректоры Әлімжан Бекмағамбетов те Жолдауда ғылым мен адам құқықтарына ерекше назар аударғанына көңілі толатынын жасырмады.

«Президенттің Жолдауы кезінде әр адам өзінің жеке шаруасына немесе кәсіби қызметіне қатысты аспектілерге назар аударатыны рас қой. Осы орайда Мемлекет басшысы «Жас ғалым» жобасына 1000 грант (стипендия) бөлінетіндігін және отандық 500 ғалымның әлемдегі үздік ғылыми орталықтарында өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндігі болатындығын айтты. Яғни, бұрын ғылыми қоғамдастықтың өкілдері әрдайым әртүрлі жобалар мен зерттеулерге қаржы бөлу туралы мәселені көтеріп келген болса, қазір қолдау шаралары дұрыс жүйеге қойылғандығын көрсетеді», - деді Әлімжан Бекмағамбетов.

Сонымен қатар, PhD докторы, политолог Жақсылық Сәбитов ЖОО-лар мен мектептердегі мұғалімдер құрамының біліктілігін жетілдіру туралы мәселе көтеріп, «Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай, экономикамыздың дамығанын қаласақ, онда Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға көңіл бөлуіміз керек», - деді. Ал М.С. Нәрікбаев атындағы КазГЮУ университеті музейінің директоры Изат Медешова Жолдаудағы тапсырмалардың орындалуы барша қазақстандықтарға ортақ жауапкершілік екендігін айтты.

«Президент қазақ жерінің қандай жағдайда болмасын ешқашан шетелдіктерге сатылмайтындығын айтты. Мұның астарында үлкен мән бар. Жалпы, Жолдаудың орындалуы тек Мемлекет басшысына ғана емес, барлық қазақстандықтарға байланысты. Осы орайда біз өз кезегімізде Президенттің экотуризм мәселелеріндегі бастамаларын қолдауымыз керек. Сондай-ақ пандемия көптеген басқа да құндылықтарды қалыптастырып жатыр. Соның ішінде еліміздегі отбасылық-демографиялық жағдай, азаматтардың көзқарастарының өзгеруі сынды келелі мәселелер де назар аудартпай қоймайды», - деді Изат Медешова.

Жалпы, дөңгелек үстелге ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, танымал қоғам қайраткерлері, қоғамдық және мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері бар – барлығы 13 сарапшы қатысты.

Президенттің халыққа арнаған Жолдауында айтқанындай, «Алдымызда ауқымды әрі күрделі міндеттер тұр. Соларды табысты жүзеге асыру үшін тың тәсіл, жаңаша ойлау, жалпыұлттық ынтымақ және өзара қолдау қажет. Дағдарыс жағдайында атқарылатын іс-шаралардың жемісті жүзеге асуы әрқайсымызға байланысты».

«Рухани жаңғыру» ҚҚДИ сарапшылары және дөңгелек үстелге қатысушылар Президенттің бұл тезисімен келіседі. Алдағы уақытта Мемлекет басшысы Жолдауының жүзеге асуына белсенді түрде қатысып, әр бағыттар бойынша жасалатын жұмыстарды қолдайды.




Соңғы жаңалықтар