Өзін өзі қамтамасыз ететін орта тап пен тиімді экономика қалыптастырамыз – Тоқаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздің орнықты дамуының негізгі қозғаушы күші - еңбек, білім және азаматтық белсенділік болуға тиіс. Тек сонда ғана өзін-өзі қамтамасыз ететін орта тап пен тиімді экономика қалыптастыра аламыз. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Дәйекті саяси жаңғыру ұлттық экономиканы дамытуға, ұлттық кәсіпкерлікті нығайтуға ықпал етеді. Енді біздің алдымызда ашық әрі әділетті экономика құрып, заңнамаға реформа жүргізу міндеті тұр. Қолдан жасалған монополияларды түбегейлі жойып, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою маңызды», - деп атап өтті Президент.

Мемлекет басшысы кәсіпкерлердің бастамаларына қолдау көрсетіп, жекеменшікті сақтап, бәсекелестікті күшейту керектігін айтты.

«Алдымызда экономиканы шынайы әртараптандыру бойынша ауқымды жұмыстар тұр. Жоғары өнімді ауыл шаруашылығы мен қуатты көлік-логистика жүйесін дамыту, барлық салада цифрлық экожүйе қалыптастыру үшін шаралар қабылдау қажет. Еліміздің орнықты дамуының негізгі қозғаушы күші - еңбек, білім және азаматтық белсенділік болуға тиіс. Тек сонда ғана өзін-өзі қамтамасыз ететін орта тап пен тиімді экономика қалыптастыра аламыз. Бұндай экономика кірісті әділетті бөлуге, сапалы жұмыс орнын ашуға, тұрмыс сапасын тұрақты арттыруға және барлық азаматтардың толыққанды жетілуіне мүмкіндік береді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар