Өзін өртеп жібермек болған адамды құтқарған тәртіп сақшысы: Бізге психолог та бола білу керек

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында жұбайымен жанжалдасып қалған ер адам үстіне бензин шашып, өз-өзін өртеп жібермек болған. Суицидтің алдын алу үшін тәртіп сақшысы Азат Артамбаев оны әңгімеге тартып, жантүршіктірер бұндай қадамға бармауға шақырады. Полиция қызметкері сол оқиғаның қалай болғанын ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.

Шығыс Қазақстан облысы бұрынғы Марқакөл ауданында туған Азат Артамбаев бала күнінен полиция қызметкері атанғысы келген. Бүгінде бұл мақсатына жеткен ол Өскемен қалалық Полиция басқармасы полиция патрульдік бөлімінде аға инспектор болып қызмет етуде. Әскери шені – капитан.

«Былтыр тамыз айында кезекші бөлімнен Добролюбов көшесіндегі көпқабатты үйдің подъезінде ер адамның үстіне бензин құйып, өзін өртейін деп жатқандығы жайлы хабар түсті. Сол жерге құстай ұшып жетіп бардық. Бірінші оқиға орнына жедел жәрдем мен өрт сөндірушілерді шақырттым. Содан кейін маңайдағы тұрғындардан 2 шелек су мен көрпе сұрап алдық. Ішке кірсем үсті-басына бензин төккен әлгі жігіт қолында оттық ұстап тұр. Мені көре сала «Жақындама» деп ақырып жіберді», - деп полицей сол бір сын сағатты еске алды.

Суицид жасамақ болған жігітті сабырға шақырған тәртіп сақшысы әр сөзін аңдап айтқан. Оны бұл қорқынышты қадамға барудан бас тартқызу үшін әңгімеге тартып, психологтың рөлін атқарды.

«Әуелде «Балаң бар ма?» деп сұрадым. Ол «Бір қызым бар» деп жауап берді. Сол кезде оған «Егер сен өлсең қызыңды кім асырайды? Ертең оған бәрі «әкең өзін өртеп жіберген» деп бетіне баспай ма!» деп 15 минуттай сөйлестім. Әйтеуір дегенде ер адам түсініп, қолындағы оттықты маған берді», - дейді Азат Артамбаев.

Соңынан анықталғандай, қала тұрғыны отбасындағы кикілжіңнен кейін өз өзіне қол жұмсамақ болыпты. Полицейлер оны бөлімшеге жеткізіп, психологиялық көмек көрсеткен.


Соңғы жаңалықтар