Өзін өртеген Светлана Тұрғамбаеваның үйі балаларына қалатын болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Өзін өртеген Светлана Тұрғамбаеваның үйі балаларына қалатын болды.

Бұл туралы бүгін экс судья Өмірзақ Серімовтің ісі бойынша сот отырысында белгілі болды.

"Үш жақты келісім жасалды. Судья Серімов үйдің иесі Масақовқа ақша берді. Ал Масақов өз кезегінде үйден бас тартты. Яғни Масақов Қоржымбаевтарға үйді сыйлық ретінде береді. Осылайша баспана Қоржымбаевтарға қалды",  - деді арызданушы Айнұр Омарбаеваның өкілі.

Бүгін прокурор Өмірзақ Серімовті 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Мемлекеттік айыптаушы ҚР тəуелсіздігіне 25 жыл толуына орай рақымшылық туралы заңына сəйкес бұл мерзімді 4 жыл 5 айға дейін қысқартуды сұрады.

Арызданушы Айнұр Омарбаева ( Тұрғамбаеваның қызы) Серімовке қатысты арызын қайтып алуды өтінді.

Айта кету керек, қайғылы оқиға 2012 жылы болған еді. 5 баланың анасы, 57 жастағы әйел Светлана Тұрғамбаева үйін тартып алуға келген сот орындаушыларының, көршілерінің, отбасының алдында бензин құйып, өзін-өзі өртеп жіберген болатын.

Денесінің 85 пайызын күйік шалған әйел ауруханада үш күннен соң қайтыс болды.

Қоржымбаевтар отбасы бұл үйді 2010 жылы 6 сәуірде Мыңбаева Баян деген келіншектен сатып алған. Алдыңғы қожайыны оны азаматтық некедегі күйеуі қайтыс болғанда мұра ретінде рәсімдеп алған екен. Мыңбаеваның некесін Алатау ауданының судьясы Өмірзақ Серімов 2009 жылы заңды деп тапқан.

Бір жылдан соң қайтыс болған ер адамның інісі Масақов Миллетхан «мен жалғыз мұрагермін» деп арыздана бастайды. Содан соң судья Серімов өзінің некені заңды деп тапқан шешімін жоққа шығарады.

Соның кесірінен Мыңбаева заңды мұрагер болмағандықтан, Қоржымбаевтардың сатып алу туралы шарты да заңсыз деп танылады.

Үйдің бұрынғы иесі мен Мыңбаеваның некесін заңды деп тапқан, кейін өзінің шешімін қайтып алған Алатау ауданының судьясы Өмірзақ Серімов қайғылы оқиғадан соң 2 айдан кейін жұмысына жарамсыз деп қызметінен шеттетіледі.

Қазір Алатау ауданының бұрынғы судьясы Өмірзақ Серімов ҚР ҚК 350-бабының 2-бөлімі, 307-бабының 4-бөлімі бойынша өзінің өкілеттігін асыра пайдаланып, көрінеу әділетсіз шешім шығарғаны үшін айыпталып отыр.

Соңғы жаңалықтар