Өзін банкрот деп жариялағандар 5 жыл бойы несие ала алмайды – министрлік

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Банкрот мәртебесін алған азаматтар бес жыл бойы несие ала алмайды. Бұл ақпаратты Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов растап отыр, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Назарға сала кетсек, сотсыз банкрот деп танылған азаматтар сол күннен бастап бес жыл ішінде банктер мен микроқаржы ұйымдарынан кредит ала алмайды», – деді Ержан Біржанов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министрдің айтуынша, сотсыз банкрот деп танылмаған азаматтар араға 3 ай салып қайта өтініш бере алады.

«Азаматтардың жеке мәліметтері бойынша деректер базасына құзырлы мемлекеттік органдар жауапты екенін еске салғым келеді. Жоғарғы соттың мәліметтеріне сәйкес бүгінде төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе банкроттықты сот арқылы рәсімдеу туралы 139 тұлға өтініш білдіріп, арыз берген», - дейді ол.

Еске салсақ, 3 наурызда елімізде банкроттыққа өтінім қабылдау басталды.

Спикер келтірген статистикаға сәйкес, бүгінгі жағдай бойынша 34 мыңнан астам қазақстандық өзін банкрот деп жариялауға өтініш берген.

Сондай-ақ, брифинг барысында 7 мыңнан аса азаматтың банкроттыққа берген өтініші қанағаттандырылмағаны айтылды.


Соңғы жаңалықтар