Өзі де, жүріп өткен өмір жолы да өзгелерге үлгі - Бақытжан Ертаев - «Халық қаһарманы»

None
None
СТАНА. Сәуірдің 27-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспанәлиев/ - «Қазақстан ардагерлері» Ауған соғысы интернационалист-жауынгерлері қауымдастығының президенті, генерал-лейтенант, «Халық Қаһарманы» Бақытжан Ертаев 1952 жылы Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Кеңес ауылында дүниеге келген. 1973-1985 жылдары Алматы қаласындағы жалпы әскери командалық училище мен М.В.Фрунзе атындағы әскери академияны тәмамдаған. Бұдан соң біраз жылдар әскер саласында басшылық қызметтер атқарды. 1998 жылы Қазақстан Ресубликасының Қарулы Күштері Бас штабының бастығы, 1997-2000 жылдары Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, 2002 жылы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Әскери академиясының бастығы болды.

Осы жылдар аралығында ол Қазақстан әскерін реформалау шараларына үлес қосып, бұл бағытта қаншама игі істерге бастамашы болып, қаншама сарбаздарды әскери іс-әрекеттерге машықтандырды. Өз ісіне деген адалдық пен еңбекқорлық арқасы болар 2008 жылы Бақытжан Ертаевқа еліміздің ең жоғарғы наградасы - «Халық қаһарманы» атағы берілді. Мемлекет басшысы аталмыш награданы Б.Ертаевтың басшылық қызметтегі жетістіктеріне ғана емес, Ауғанстандағы соғыс кезіндегі батальон командирі ретінде өзінің ержүрек әскери басшы әрі ақылды әскери стратег ретіндегі қасиеттерін назарға ала отырып, берген.

Б.Ертаев соғыста нағыз қазақтың қайсар ұлдарына тән ерлік көрсетіп, жерінің 4/3-і таулы аймақ болып келетін Ауған елінде сан түрлі әскери тәсілдерді қолдана білген қазақтан шыққан әйгілі стратегтерінің бірі. Бақытжан Ертаев ол кезде небәрі 27 жаста болса керек. Өзінің жастығына әрі әскери шенінің аса жоғары бола қоймағандығына қарамастан әскер басшылары оны біліктілігі мен тәжірибелілігі үшін батальон командирі етіп тағайындаған.

Жалпы Бақытжан Ертаев туралы, оның ерлік істері мен ауған жеріндегі әскери қимылдары туралы жазылған дүниелер аз емес. «Ел» қоғамдық-саяси экономикалық апталығында Б.Ертаевтың өмірі жөнінде жазылған кітаптың мазмұнын баяндай келе мақаланың авторы Бейбіт Жұмажан батырдың ерліктерін былайша суреттейді: «Аталған кітапта Ауған соғысының қаҺарманы, Қазақстанның Қарулы Күштерін қалыптастыруға, реформалауға елеулі үлес қосқан көрнекті әскери қайраткер, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевтың ерліктері мен азаматтық бейнесі нақты деректермен жан-жақты сипатталған. Кейіпкердің жасаған ерліктері осы бір кітапқа ғана емес, бірнеше кітапқа арқау боларлықтай. Оның Ауған соғысында батальон басқарып жүргенінде жауынгерлердің рухын көтеру үшін өзі алға шығып шабуыл бастаған кезде командирлерінің жау оғынан тайсалмай қол басқарып бара жатқанын көрген сарбаздары арқаланып, соңынан атой салып жүгіретіні қолбасшылық қырын ашып берген. Ертаев өзінің батальонымен небір күрделі операцияларды жүзеге асырған. Бірнеше рет дұшпандардың қару-жарақ қоймасын басып алған. Тау басындағы жау бекіністерін үнемі бұзып өтіп отырған. Сол кездегі КСРО Қорғаныс министрі Кеңес Одағының Маршалы Сергей Соколов пен Бас штабтың бастығы Сергей Маршал Ахромеевтің батальон командирі Бақытжан Ертаевтың жауынгерлік іс-қимылды шебер ұйымдастыра білетінін, әскери тактик ретіндегі еңбегін жоғары бағалап, қатты қадірлеуі, Кабулға шақырып баяндамасын бүкіл командирлер алдында тыңдатуы сол кезде-ақ оның білікті әскери басшылар қатарынан орын алғандығын көрсетеді.

Сонау Ауған соғысының от-жалынында жүргеннің өзінде Алланы аузынан тастамай, ата-баба аруағына сыйынатын ол атыс кезінде қирап қалған мешітті батальонын жұмылдырып жөндетеді. Бұл оның ең алдымен өзінің мұсылмандық парызын өтегені болғанмен, жергілікті ауғандықтар үшін әсері күшті болғаны сондай «Мұсылман командир» атанып, олардың сеніміне кірген. Жергілікті халық бір тоғайды Бақытжан дегенге тілдері келмегендіктен оның құрметіне «Бақтияр тоғай» деп те атаған. Бейбіт халық мүмкіндіктерінше өздерінің «мұсылман командирлерін» абайсыз тиер оқтан қорғап, оның алды-артын дұшпандардан аршып отырған. Сондықтан да болар, Ертаев қыстақтан қыстақ, қала мен қала арасында емін-еркін жүрген.
Ауғанның жорық жолынан өткен Ертаев КСРО-ның жалпы командалық жоғары әскери Академиясына түсіп, оны бітіргеннен кейін алты жыл Германияның Потсдам қаласында полк командирі болды. Бұл полктің командирі алғаш рет орыс емес ұлттың өкілі болған КСРО Қарулы Күштеріндегі тарихи оқиға еді. Осындай үлкен дәреже тұңғыш рет Бақытжан Ертаевқа бұйырғандықтан бұл қазақ әскері тарихында да алтын әріптермен жазылып қалатындығы даусыз», дейді автор мақаласында.

Бақытжан Ертаев туралы әлі қаншама туындылардың дүниеге келетіні белгісіз. Бірақ батырдың ерлік істер туралы жазылған дүниелер осы кездің өзінде де аз емес және олар кейінгі өскелең ұрпаққа үлгі өнеге болып қалары сөзсіз. Батырдың тек әскер саласындағы шеберлігі мен біліктілігі ғана емес, өз Отанына, еліне, ұлтына деген сүйіспеншілігі, адамгершілік қасиеттері де өз алдына жеке кітап болып жазылатын дүние. Б.Ертаев елдегі мерзімді басылымдардың біріне берген сұхбатында былай дейді: «Қазақ жігіттері ауғанда ешкімнен кем соғысқан жоқ. Олардың намысқойлығы, бабаларымыздан қалған, ана сүтімен, ата күшімен дарыған қайсарлығы мен қайраттылығы назар аударатын. Аруақтарға сыйынып, ұрысқа ұранмен шығатын сарбаздар болды. Адамды сыйлай білетін қасиеттеріне сүйінесіз. Қазір, кейде терең ойға кеткенде есіме түседі. Қазақтың жігіттері үнемі біздің айналамызда жүріпті, «комбатымыздың өміріне басыңмен жауап бересің», дегендей әңгіме жасаған сияқты. Қазіргі «оққағар» деген сөз ғой. Бұл енді мен командир болған соң ғана назар аударылған дүние емес, олардың аға тұтып, қаным деп қарайласқан қасиетінің белгісі». Осының ержүрек командирдің бауырмалдығының, өз ұлтының өкілдеріне деген мақтаныш сезімінің бір көрінісі болса керек. Бұл өз халқының нағыз патриотына ғана тән қасиет болса керек.

Б.Ертаевтың елімізде аса жоғары марапттардың бірі «Халық қаһарманы» атағын алып тұрып: «Бұл Ауғанстанда от кешкен қаракөз қазақ жігіттерінің қаһармандық ерлігін бағалап берілген награда деп білемін. Екінші, әскери қызметте жүргенде сіңірген еңбегімнің ескерілгені шығар. Бейбіт кезеңде Отан қорғау сапында тұрған сарбаздар мен Қорғаныс министріне дейін құттықтаймын. Бұл жалпы еліміздің болат қалқаны - әскеріміздің қызметін бағалағандық...
...Ол кезде Отанымыз тыныштықта өмір сүріп жатты. Ал 18-ден асқан жастар Ауған жерінде соғыста болды. Әрине, мұның көп қиыншылықтары бар еді. Біреудің баласы үйленіп, мәре-сәре той жасап жатса, көршісінің ұлы Ауғанстанда қару асынып, қанды шайқастардың ішінде жүрді. Ата-анасы күніне мың қайтара құдайға сыйынып, «баламды аман-есен сақтай гөр» деп жалбарынумен уақыт өткізді» деуінің өзі кеудемсоқтықтан ада, өзінің ғана емес өзгелердің де жетістіктерін көріп, бағалай білетін текті тұлғаға тән қасиеттерден туған сөз болса керек.

Бүгінде халқының ардақты ұлы, әйгілі генерал, ауған соғысының ардагері Бақытжан Ертаев екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған асқар таудай әке. Серікжан атты ұлы әкесінің жолын қуып, Б.Момышұлы атындағы әскери академияны бітірді. Темірлан атты ұлы халықаралық қатынастар саласында еңбектенуде. Ал қызы Гүлдана осы уақытта мектеп оқушысы. Ол өзі де, жүріп өткен өмір жолы да өзгелерге үлгі - асыл азамат.

Соңғы жаңалықтар