Өзгетілді студенттер мемлекеттік тіл байқауында бақ сынады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы жоғары оқу орындарының өзгетілді студенттері арасында қазақ тілі пәнінен қалалық олимпиада өтті.

Мәдени шара Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылды.

«Тіл тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол  ұлттық діліміздің биік тұғыры. Сондықтан тіл әлемдегі ұлттық мәдениеттің ара қатынасында аса маңызды рөлге ие. «Тіл  елдің елдігінің, оның ғылымы мен мәдениетінің, салт-санасының, жауынгерлік дәстүрінің, ұлттық мұрасының қай дәрежеде екенін білдіріп тұратын көрсеткіш», - деп жауынгер жазушы Бауыржан Момышұлы айтқандай, тіл мәртебесі  еліміздің егемендігінің көрсеткіші. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткізілгелі отырған жоғары оқу орындарының өзгетілді студенттері арасындағы «Қазақ тілі» олимпиадасы кемел келешек жолында сапалы білім беріп, болашақ өскелең ұрпақты елжандылық пен ұлттық құндылықтар негізінде тәрбие беруде зор үлес қосады деп сенеміз», - деді Қыздар университетінің Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің Тіл теориясы және оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі Шаттық Ерғожина.

«Тіл достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс-берекенің нышаны. Ынтымағы жарасқан көпұлтты қазақ жерінде 130-дан аса ұлттың өкілі бейбіт өмір сүруде. Осы елде туып, осы елде тұрған әрбір азамат мемлекеттік тілге ерекше құрмет көрсетуі тиіс деп санаймын. Сіздерді Отанымыздың өсіп өркендеуіне, мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосуға шақырамын!», - деді ұлты өзбек, қазақ тілі олимпиадасының 2015 жылғы жеңімпазы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенті Мафтуна Хавузматова.

Айта кету керек, білім додасына қаладағы  ЖОО-нан 6 команда қатысты.

Олар тілге байланысты тақырыптар бойынша слайд түрінде үйден дайындап келген тапсырмаларын қорғап, қазақ тілін қаншалықты деңгейде меңгергендерін паш етті. Сонымен қатар, таза сөйлеу мәнері де ескерілді. Екінші «Сан сұрақ» турында қатысушылар әр ұяшықта жасырылған лексикалық, грамматикалық сұрақтарға жауап беріп, практикалық тапсырмаларды орындап, білімдерін сынады. Үшінші «Көркемсөз» кезеңінде өлең, қарасөз, ақпараттық-танымдық мәтіндермен қатар, прозадан үзінділерді мәнерлеп оқу, берілген мәтіннің идеясын түсіндіру бойынша сынға түсті. IV «Ұшқыр қалам» турында қатысушылардың қазақ тілінде эссе жаза білу шеберліктері, қазақша таза жазу сауаттылығы бағаланды.

Сайыс қорытындысы бойынша I орынды Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің «Зерде» тобы (Севериненко Алена, Ахмадуллина Карина, Карпович Камиля) иеленді. ІІ орынды Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің «Жалын» тобы (Сардор Адилбеков, Татьяна Кириятова, Ринат Абенов) мен Шетел тілдері және іскерлік карьера университетінің «Ұлан» тобы (Анжелика Сухарева, Сергей Вдовенко, Лена Ткачевская) иеленді. ІІІ орынды Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің «Қыран» тобы, Алматы Менеджмент университетінің «Өрлеу» тобы, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының «Сәулет» тобы өзара бөлісті. Жеңімпаздар дипломдар мен арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Соңғы жаңалықтар