Өзгенің денсаулығына зиян келтіргендер қоғамдық жұмысқа тартылмақ

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарланып отыр. Заң жобасы «Ашық» НҚА порталында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, Әкімшілік кодекстің 73-1-бабына (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) өзгеріс енгізіледі.

«Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру 15 айлық есептік көрсеткіш (1 АЕК - 3450 теңге)

мөлшерінде айыппұл салуға не 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға не 128 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тартуға алып келеді. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін 1 жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер үшін 150 сағат қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 20 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қолданылады», - делінген жаңа редакцияда.

Айта кетейік, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, денсаулыққа қасақана зиян келтіру бабы бойынша кінәлі деп танылған тұлғалар қоғамдық жұмыстарға тартылмайды.

Құжатты ашық талқылау 13 наурызға дейін жалғасады.


Соңғы жаңалықтар