Өзге ұлт өкілдері қазақ тілінен сабақ беріп жүр - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарында жарық көретін мерзімді баспасөзге шолу ұсынады.

*   *   *

Өзге ұлт өкілдері қазақ тілінен сабақ беріп жүр - «Qostanaı tańy» газеті 

Облыстық газеттің жазуынша, өңірде қазақ тілін меңгеріп қана қоймай, тіпті осы пәннен сабақ беріп жүрген өзге ұлт өкілдері баршылық екен. Шындығында, өз қандастарымыздың біразы ана тілін үйренуге асықпай жүргенде бұл ерекше жағдайдың бірі секілді. Осыған байланысты газет солтүстік өңірде сөйлесетін ортасы көп болмаса да қазақ тілін меңгерген өзге ұлт өкілдерінің талабына қуаныш білдірген. Мақала да соларға арналыпты. Газеттің жазуынша, сондай адамның бірі - Римма Афанасьева. Ол Жітіқара ауданында дүниеге келген. Өскен ортасында қазақша сөйлейтіндер мүлде болмапты. Орыс мектебінде оқып, бітірген. Яғни, бәрі өз талап-ынтасымен жүзеге асқан. «Қазақ тілін еркін меңгеруге өзімнің қызығушылығым мен осы пәннен сабақ берген ұстазым себеп болды», - дейді ол. - 1-сыныпты бітірген кезде «Мен қандай пәнді жақсы білемін?» деп ойладым. Сол кезде қазақ тілінен байқауға қатысып, екінші орын алғанмын. Егер жарыста озсам, яғни, әрі қарай тырыса беруге болады деп шештім. Сонда қатты қуанғаным әлі есімде, - дейді қазақ тілі пәнінің мұғалімі Римма Афанасьева».

Римма қазір Федоров ауданындағы Воронеж ауылында орыс мектебінде қазақ тілінен сабақ береді екен. Мақалаға арқау болған тағы бір кейіпкер Дмитрий Ромашенко да қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі екен. Ол Украин отбасында дүниеге келіпті, мектепті орысша оқыған. Өзінің ерік-жігерінің арқасында қазақ тілін меңгеріп шыққан екен. Ол қазақ тілінің насихатталу жағы кем деген пікірде екен. «Тілді тағы да насихаттау керек. Жақсы кітаптарды көптеп шығарған дұрыс. Әлемдегі ең жақсы кітаптарды қазақ тіліне аударса жақсы болар еді. Сосын оқулықтардың сапасын көтеру қажет, - дейді кейіпкеріміз»...

Созақ көтерілісі және ашаршылық - «Оңтүстік Қазақстан» газетіnull 

Мақаланың авторы Орынбек Ибжанов атты кәсіпкер. Ол 1930 жылғы Созақ көтерілісінің қалай шаққанынан бастап, оған қатысты деректерді алға тарта отырып, өз пайымын ортаға салады. Жазуынша, Созақ көтерілі өзінен-өзі, жайдан-жай бұрқ ете қалған жоқ. «Кеңес үкіметі билеушілерінің шектен тыс зорлық-зомбылықтары қарапайым ауыл адамдарының төзімін әбден тауысқан болатын. Мүлік тонау, қыз зорлау, қос уыс бидай үшін итжеккенге айдату, астықтарын тартып алу секілді зорлық-зомбылықтар күн сайын асқынып бара жатты. Мұнан соң тірі адам қарап жата ма?»

Автор деректерді ақтара отырып, көтерілістің қалай басталғанын, оған кімдердің қатысқанын тізіп шығады. Ресми құжаттарға көз жүгіртіп, көтерілістің басшыларын, ұйымдастырушыларын атап өтеді. Мақалада көтерілісшілердің әрекеттері, олардың қимылдары туралы айтылады. 

«Көтерілісшілер арнайы киім киген. «Шейіттікті нәм еткен» соң олар бірыңғай ақ киім киінген. Ақ ту көтерген. Онда «Алла! Алла!» деген жазу болыпты. Көтерілісшілер сот, прокурор, тергеу бөлімдерін құрған. Ең соңғы үкімді хан және оның уәзірлері айтқан... Елге зәбір көрсеткен, тізесі батқан бірінші хатшы, исполкомның төрағасы, аудандық сот, аудандық сот тергеушісі халықтың көз алдында жазаланған. Коммунистер, комсомолдар, белсенді болғандар Қарабура әулиенің сағанасын құшақтай жығылыпты. Сол үшін де оларға түгелдей кешірім берілсе керек».

Автор Созақ көтерілісі жайлы жантүршігерлік мәліметтер табылғанын да жазады. Көтеріліске қатысты әлі де әділ баға берілмегенін, сол себепті оның сұмдық салдары әлі де жазылмағанын айтады.

Тоқтала кететін жайт, мақала авторы осынау зұлматты жылдың қасіреті ел жадында сақталуы тиістігін атап өтеді. Жазуынша, осы мақсатта Созақ ауылының кіре берісіне «Созақ көтерілісі және ашаршылық» атты мемориалды кешен салуды бастап кетіпті.

Шудан таралған қасіреттен жастарды қалай қорғаймыз? - «Aq jol» газетіnull 

 «Қазақ хандығының туын тіккен, үш жүздің төбе биі Төле бабамыздың туған жері саналатын киелі, қасиетті өңірде - Шу ауданында есірткі бизнесі көптеген жастарды улап, жылдан-жылға өршіп бара жатқаны жасырын емес. Тіпті кей ауылдарда жақыны, туған-туысқаны, балалары істі болмаған үй жоқ. Мұны Шу ауданындағы ел-жұрттың тәлім-тәрбиесіне жауаптылардың, ұлттық тәртіпке ақылшы кәрі мен жастың бәрі білсе де, науқандық шаралардан нақты нәтиже болмай тұр. Шу өңірінен басталған сол қасіреттің өзге аудандарға да жайыла бастағанына қалың ел куә» деп жазады «Aq jol» газеті.

Мақалада Шу өңіріндегі Қызыл құм қойнауы қарасора жапырағын терушілердің өрісіне айналып бара жатқаны айтылады. Автор осыдан біраз жыл бұрын өзі зерттеген мәселеге назар аудартады. Жазуынша, Тараз қаласындағы түрме-колонияларда жатқандардың басым көбі шулықтар екен. Түрлі оқиғаларды келтіре отырып, автор «Нашадан құтылудың жолы қандай?» деген сұрақты көлденең тартады.

«Полицейлер күрескен секілді болады, көбіне жастар сотталып жатыр, ал түрмеден келгендердің оңғаны аз. Шу өңірінің келешегі не болмақ?...Бұл кесапатты бүгін тоқтатпасақ, ертең кеш болады. Аудандағы ардагерлер, кәсіподақ ұйымдары, депутаттар, қоғамдық кеңес өңірдің ілгерілеуіне күш салу керек шығар. Не де болса, жастарды есірткі ауруынан құтқару жолын іздеуге тиіс. Мұндай дертпен тек полицейлердің күрескені аз, билік, бүкіл ел болып күреспесек, жағдайымыз қиын».

Сонымен бірге, автор Шу ауданындағы жастар үшін анаша күнкөріс көзіне айналып бара жатқаны шындық екенін айтып, соған алаңдаушылық білдіреді. «Анашаның «ылаңы» мектептерді де шарпитын сияқты. Сонда Шу жастарын «қасіреттен» қалай қорғаймыз?» деп түйіндейді автор.

91 жастағы қария пәтер сұрайды - «Жетісу» газетіnull 

«Жетісу» газеті редакцияға келген оқырманның хатын жариялапты. 91 жастағы қария баспанасының жоқтығынан осындай хат жазуға мәжбүр болғанын айтыпты.

«Менің жасым 91-де. Талдықорған қаласының Еркін ауылы, Қаратал көшесіндегі №109 үйде уақытша тіркеудемін. 38 жылдық ғұмырымды ұстаз болуға арнадым. Осы жылдар ішінде мұғалімнен бастап мектеп директорлығына дейінгі қызметтерді абыроймен атқардым. Еңбегім еленіп, «ҚР халыққа білім беру ісінің үздігі» атағына ие болдым. Еңбек, тыл ардагері атанған мен бүгінде ІІ топтағы мүгедекпін....Шәкірттерім бүгінде үмітімді ақтап жүр. Қанша ғұмырым қалғаны Алланың қолында ғой. Көзімнің тірісінде маған қолғабыс етіп отырған бір балама пәтер алып беріп кетсем-ау деген арманым бар. Қалада пәтер кезегінде тұрмын» депті хатта.

Қоянды жәрмеңкесінің беймәлім деректері: қайыры мен қалтарысы - «Орталық Қазақстан» газетіnull 

Мақала авторы еліміздегі тарихи-әлеуметтік маңызы бар Қоянды жәрмеңкесінің көпшілік қауымға беймәлім деректерін алға тартатынын жеткізіпті. Онда автор әйгілі жәрмеңкенің туу тарихына тоқталып, архив деректерінде сақталған сауда көрсеткіштерін де алға тартады. Қызықты деректер де ұшырасады. Мысалы, 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесіне сол кезеңдегі Қытай империясынан 4720 бас қой, 1225 ірі қара саудаға түсіпті. Сондай-ақ, Жетісудың Лепсі, Қапал, Жаркент уездерінен әкелінген мал сатылған екен. Бір қызығы, 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде тек қана Қарқаралы тұрғындары 154 түйе сатқан екен. Әкелінген барлық мал түгелімен сатылып, оның жалпы қосынды құны 686980 сомға жетті. Жүн-терілер де байлықтың көзіне айналды. Көптеген текеметтер саудаға түсті. Қысқасы, шикізаттардың өзінің құны 454091 сомға жетіпті.

Автор бірте бірте Қоянды жәрмеңкесінде мал өнімдері ғана емес, мүліктер, ағаш сандықтар, ағаш ыдыстар, киіз үйлердің қанаттары саудаға түскеніне назар аудартады. Мануфактуралық, бакалеялық, галантереялық заттар, темір бұйымдары және басқа тауарлар Қоянды жәрмеңкесіне Омбы, Барнаул, Ақмола, Қазан, Жетісу өңірлерінен, Мәскеу, Семей, Кереку, Түмен, Томск, Тәшкент, Сырдария облыстарынан, Қарқаралы қаласынан, Зайсаннан әкелініпті.

«Әйгілі Қоянды жәрмеңкесінің пайдасын сол тарихи кезеңнің өзінде бүкіл қазақ елі көрді. Сонымен қатар, мына бір ерекше жайды да айта кеткен жөн болар. Қарқаралы уезінің 1 бөлімшесінің ветеринары К.Саулить деген азамат 1906 жылы Қоянды жәрмеңкесі кеңесінің төрағасы болған екен. Сол жылы К. Саулить былай деп жазыпты: «Өкінішке орай, Қоянды жәрмеңкесі кезінде далалықтарға (қазақтарға) өте төмен сапасыз тауарлар сатылады. Ұятсыз көпестер небір қылықтарға барып, көшпенділерге ешбір жерде сұраныс көрмеген тауарларын неше түрлі айла-шарғылармен өткізеді. Жәрмеңке көпестері 60 процентке дейін өздерінің пайдасына жеп үйренген».

Жазуынша, тойымсыз әрекеттері әшкереленген ашкөз көпестер бірігіп жәрмеңке басшысының үстінен шағым жазып, қудалапты. Олар тіпті Семей губернаторынан жәрмеңке басшысын қарқаралылықтардан әрі ветеринардан тағайындамауды сұраған екен.

«Өткен ХІХ-ХХ ғасырлардағы Қоянды жәрмеңкесінің рационалды әлеуметтік-экономикалық тәжірибелерін қазіргі Қазақстанның нарық экономикасының шеңберінде ұтымды пайдалану абзал болар еді» деп түйіндейді автор.

Мұстафа Шоқай. Тәуелсіздік һәм ұлттық рух - «Ақтөбе» газетіnull 

Белгілі ғалым, профессор Әбдіжәлел Бәкірдің Мұстафа Шоқай туралы мақаласы «Ақтөбе» газетінде жарияланды. Онда автор ұлт қайраткері туралы әр жылдары жарыққа шыққан мақалаларға тоқтала отырып, «Шынына келгенде, Мұстафа Шоқай кім болған еді? Неге бұл тұлғаға ерекше қызығушылық туды?» деген сұрақтарға жауап береді.

«Біріншіден, Мұстафа Шоқай - ұлттық тәуелсіздіктің бірден-бір жалынды жаршысы және  тамаша ұлттық идеялардың иесі, Алаш ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі еді. Жапония ғалымы Уяма Тимохико ХХ ғасырдың бас шенінде Ресейдің өз ішінде және оның төңірегінде қызмет еткен көптеген мұсылман ұлы реформаторлары мен революционерлер шоғырын, оның ішінде  Әлихан Бөкейханды да атай келе, жаңа азат жолдан осы «жұлдыздың ішінде Мұстафа Шоқай бірегей орын алады» деп жазған еді. Мұндай бағаның жайдан-жай берілмегеніне ұлы күрескер болмысымен танысқан адамның ешқайсысы күмәндана алмас» деп жазады автор.

Жазуынша, Мұстафа Шоқай тоғыз тілде жазылған 800-ден астам шығармасы мен оның өмірі, саяси қызметі мен шығармашылық мұрасына қатысты 8 тілдегі 1405 еңбек қалдырған. Бұл оның әлемге танылғандығының айқын көріністерінің бірі. Яғни, бірнеше тіл білуі, жан-жақты саяси қайраткерлігі мен ерен білімдарлығы арқасында  Мұстафа Шоқай Париж, Ыстанбұл, Варшава мәртебелі мінбелерінде бірнеше рет саяси баяндамалар жасаған. Арнайы шақырумен Лондонда 1924-1934 жылдар аралығында алты-жеті рет болған.

Автор Мұстафа Шоқайдың мәңгі өлмес идеясы Тәуелсіздік екенін айтып, оны бүгінгі жағдай тұрғысынан да сараптайды. Қайраткердің сонау өткен ғасыр басында айтқан пікірлерінің қазір де өзекті болып отырғанын көлденең тартады.

«Бүгін қазағымызға ұлттық рух та жетіспей отыр. Сан жылдар патшалық Ресейдің отаршылдық саясатынан, соның саяси жалғасындай болған кешегі кеңестік  өктемдіктен жаншылып қалған ұлтымыздың басты көрсеткіші әзір бой түзей алатын емес. Осы орайда Мұстафа Шоқайдың «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болуы мүмкін бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, білмейді де. Ұлт азаттығы - ұлттық рухтың нәтижесі. Ал ұлттық рухтың өзі ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі аясында  өсіп-дамиды, жеміс береді», - деген сөзін айта кетсек артық болмас. Осымен байланысты ұлттық рухы жоғары  халықтар ғана тәуелсіздікке қол жеткізеді және оны қорғап қала алады деген терең мағыналы өсиет те бүгінгі Қазақстан жағдайында ерекше маңызға ие болып отыр» деп түйіндейді автор.

Балаңыз не көріп жүр? - «Сыр бойы» газетіnull 

«Сыр бойы» газеті бүгінгі баланың мінез-құлқына қатысты мақала жариялапты. Автордың ата-аналарға айтар кеңесі: балаңыздың неге жылайтынына назар аударып, қандай ойыншықпен ойнайтынын, теледидардан не көретінін бақылап көріңіз...

Мақала авторы өзінің балалық шағын еске түсіріп, қазіргі баланың уақыты немен өтетінін, не көретінін тізбектеп шығыпты. Оның бірі «телефонның әлегі» болса, екіншісі «мультфильмнің әсері» екен.

«...тәрбиелік мәні бар, мазмұнды мультфильмдердің жоқтығы жанға батады. Осыдан сәл ертеректе біздің қатарластарымыз «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан», «Қырық өтірік», «Қаңбақ шалды» көріп өсті. Бұл мультфильммен бүгінгінің баласын таңқалдыра алмайсың. Олар шытырман, қақтығыстан тұратын, түрлі зұлымдық иесін бейнелейтін «Өрмекші адам», «Маша мен аю», «Супермен», «Два Хвоста» секілділерді көреді. Отандық емес, шет елдік кейіпкерлерді жете таниды. Ал, олардан бала қандай әсер алуы мүмкін?».

Мақалада мультфильмдерге қатысты пси­хологтардың пікірі де беріліпті. Олардың айтуынша, мульт­сериал­дардың көр­сетілімінен соң балалардың  мінезінде агрессия және түрлі қорқыныштар пайда болады екен. Әсіресе, батыс пен жапондардың мультсериалдарын көрген балаларда фобия жиі кездесетін көрінеді. Ең қауіптісі - мультфильмдер балаларға балалықты емес, үлкен өмірді насихаттайды. Сол арқылы баланың көзқарасы өзгереді.

Автор бала мінезіне әсер ететін ойыншықтар әлеміне де назар аударыпты.

Рұқсат беру келеңсіздікті кеміте ме?  - «Сарыарқа самалы» газетіnull 

Қоғам арасында қызу талқыланып жатқан мәселенің бірі - ата-ананың рұқсатынсыз жеткіншектердің жасанды түсік жасатуына ерік беру туралы заң нормасы. «Сарыарқа самалы» газетінің «Алаң» айдарында осы мәселеге сарапшылардың пікірі берілген. Автор сарапшыларға «Бұл өзгеріс келеңсіздікті кеміте ала ма? Мұндай ұсыныс қаншалықты орынды?» деген сұрақты ұсынып, пікірлерін жариялапты. Әрине, бұған пікір әртүрлі. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі «Кәмелетке толмаған қазақстандықтарға 16 жастан бастап ата-аналардың тиісті рұқсатынсыз жасанды түсік жасату - еліміздегі ана атанатындар қатарын сиретуге ықпал етеді» дегенді алға тартыпты. Сондай-ақ, тастанды балалар санын да азайтуға әкелуі мүмкін екен. «Соңғы кезде жасөспірімдер арасындағы қалаусыз жүктілік, жасанды түсік жасату деректерінің төмендеу қарқыны байқалады. Десе де, Еуропамен салыстырғанның өзінде цифрдың әлі де айтарлықтай жоғары екені аңғарылады. Біздің қадам ең алдымен ескерту, ақпараттандыру мақсатында қолға алынып отыр» дейді сарапшы.

Бұған қарсылардың да уәжі берілген. Олар мұндай ұсыныстың ұтымсыз, тіпті қауіпті екенін айтады.

«Енді бұл жасқа келмегендерге еркіндік беріп, өз білгенін істетіп қою қисынсыз. Заң негізінде ертеңгі күні ата-анасы келіп, наразылық танытса қайтеміз?! Жасанды түсік жасату - кәдімгі операция. Оның түрлі салдары болуы мүмкін. Бедеулікке, асқынулар мен әртүрлі қиындықтарға әкелуі ықтимал. Өрімдей жасөспірімдер «жүкті болсам, өзім-ақ барып алдырып тастауға құқылымын» деп жеңіл ойлап, жыныстық қатынасқа ерте түсіп кетпеуіне кім кепіл?!».

Сөз алғандар негізінен бұндай жолдың салдарына емес, алдын алуға үңілу керектігін де айтады. Яғни, ең бірінші, тәрбиені түзеу қажет.

Жер бетіндегі ең қауіпті көл Қазақстанда ма? - «DIDAR» газетіnull 

«DIDAR» газетінің жазуынша, жер бетіндегі ең қауіпті орындардың бірі - Қазақстандағы Өлі көл екен. Бұл көл Алматы облысында орналасқан. Көлдің ұзындығы 100 метр болса, ені 60 метрдей.

«Өзі шағын болғанмен, құпиясы көп. Уфолог ғалымдарды қатты қызықтыратыны да сол ғой. Шілденің шіліңгір ыстығында көлдің суы мұздай болып жатады. Тіпті бетін қабыршық мұз жауып қалатын кездерді де көріпті жұрт. Кәдімгі өзен-көлдерде кездесетін тіршілік иелері Өлі көлде атымен жоқ. Балық та, бақа-шаян да, балдыр да жоқ. Тіпті көлдің жағасынан шыбын-шіркей, құрт-құмырсқаны көру мүмкін емес».

 

 Айтпақшы, ғалымдар бұл тылсым құбылыстың сырын көл түбінен бөлініп шығатын улы газдың әсері деп түсіндіреді екен. Ұдайы бөлініп тұратын газдың салдарынан су түбіндегі өсімдіктер мен жануарлар әлемі түгел қырылып қалатын көрінеді. Өлі көлдің құпиясын білетін жергілікті жұрт суға шомылмақ түгілі, одан бірнеше шақырым аулақ жүруге тырысады екен. Сосын осы күнге дейін ашылмай келе жатқан бір құпиясы, өлген адамның денесі белгілі бір уақыт өткенде судың бетіне қалқып шығуы керек болса, мұнда керісінше түбінде тікеден-тік қалпында тұра береді.

Жүрегімнің жартысы Сирияда... - «Орал өңірі» газетіnull 

Мақала үлкен ұлы Сирияда опат болған ананың әңгімесі негізінде жазылған. «Бұрын мен өзімді әлемдегі ең бақытты анамын деп ойлайтынмын. Өйткені ұлдарым ақылды, батыл, ержүрек болып өсіп келе жатты. Олар менің қасқабағыма қарап, сыйлап, құрметтейтін. Көкейдегі ойларын бүкпей, маған ашық айтып, сырласатын. Кейде өз балаларыма өзім таңғалып, өзіме көзім тиді ме екен деп ойлаймын», - деп бастапты әңгімесін ана.

Мақалада анасы Сирияда қайтыс болған ұлының кішкене күнінен бергі мінезін, қандай болып өскендігін, өмір жолын айтып береді.

«Бірде ұлым «Балағымды қысқартамын, ол - тазалықтың белгісі» - деді. Еш нәрсеге мән берместен, шалбарының балағын өз қолыммен қысқартып бердім. Ол әрбір ісін дәлелмен жеткізіп, түсіндіріп беретін. Мұғалімдер ұлымнан «Анаң біле ме балағыңды қысқартқаныңды?» деп сұрайды екен. Ол: «Анам өзі қысқартып берді» десе, ұстаздары: «Анаң да намаз оқи ма?» деп таңданыпты...Маған ешқашан тосын мінез танытып, дөрекілік көрсеткен жоқ. Ылғи «мамалап» сыйлап тұрды. Әңгімесі түзу еді. Сондықтан «Балам адасып жүрген жоқ па?» деген  сұрақ санамда болған емес».

Әңгімеден белгілі болғанындай, ұлы Сирияда қаза болған ананың екі немересі мен келіні сол жақта қалып қойған. Шарқ ұрған ана жүрегі енді соларды көргісі келеді.

Ол қазір өзі сияқты Сирияда келін-балалары бар аналармен жиі сөйлеседі. Бәріміз бірігіп, ұйымшылдықпен жат елде адасып жүрген балаларымызды елге қайтарсақ деп армандайды. Лайым, ақ тілеулі аналардың арманы орындалғай!

Еліктеудің де естісі бар, есері бар - «Арай» газетіnull 

«Мейлі сеніңіз, мейлі сенбеңіз, қазір қызды шеше емес көше, ұлды дана емес, дала тәрбиелеген заман болды. Ащы да болса, ақиқаты осы. Әрине, бес саусақтың бірдей еместігі секілді, барлығына да жаппай күйе жаға алмаймыз. Алайда, заманға еліктейміз деп, жаманға еліктеп жүрген жастарымыздың қатары күн санап артып келе жатқаны арқамызға аяздай батады» деп жазады «Арай» газеті. Мақалада автор жастардың бүгінгі келбетіне көз жүгіртіп, қазіргі буынның бойында тектілік қасиеттер азайып бара жатқандай деген қорытынды жасапты.

Автор жастар санасына бірден бір әсер етіп жатқан телеэфир екенін айтады. Шетелдік әншілердің өте жиі насихатталып жатқанына алаңдайды.

«Интеллектуалдық өресі, өмірден түйгені мен сіңірген еңбегі айтарлықтай болмаса да, жастардың шоу-бизнес өкілдеріне еліктейтіні жүректі сыздатады. Бұған телебағдарламалар арқылы сахна «жұлдыздарының» өздері тұратын зәулім үйі, тұтынатын қымбат көлігі, киетін бағалы киімдері мен пайдаланатын сәндік бұйымдары туралы жиі әңгімелеуі, қай елге қыдырып, қай жерде демалғанын, қандай көңілді кештерде болып, қалай жасанып жүргенін, жалпы, тұрмысы көпшіліктен көш ілгері екенін жария етуге қымсынбайтыны да себеп».

Жастар неге зұлымдық жаршысы болып жүр? - «Атырау» газетіnull 

Мақалада автор Қазақстан жастары арасында «Хэллоуинді» мерекелейтіндер көбейіп бара жатқанын жазыпты. Тіпті өскелең ұрпақ зұлымдық бейнесіндегі қорқынышты костюмдер киіп, небір трюктер ұйымдастыруды әдетке айналдыра бастаған.

Автор қазаққа еш қатысы жоқ мерекенің мәнісіне тоқталып, бұқаралық ақпарат құралдарының да бұған деген «үлесін» айтып өтеді. Мұндай мереке кезінде қайғылы оқиға Алматы қаласында да орын алғанын жазады. «Қазақ жастары неге осындай зұлымдық жаршысын жариялауға құмартып жүр? Олар шын бет-бейнесін жасырып, жын-періге айналу арқылы нені көрсеткілері келеді? Ұлтымызға жат дәстүрді тойлаудың қажеті қанша?» деген сұрақтарға талдау жасалады.

«Осыдан екі-үш жыл бұрын магистратурада оқып жүрген кезімде қазақтардың «Хэллоуинді» тойлап жатқан сәтіне куә болған едім. Мерекенің студенттер арасында ұйымдастырылуына оқу орнының өзі ұйытқы болып отырғандықтан, магистранттар аудиторияларын безендіріп, мұғалімдерімен бірге атап өтті...»

«Холи» мен «Хэллоуиннің» қазаққа үш қайнаса да сорпасы қосылмайды.  Мұны асылдың сынығындай дәстүрімізбен мүлде салыстыра да, байланыстыра да алмайсың. Себебі, қазақтың ұлттық салты тәлім-тәрбиеге, өнеге мен қасиетке толы. Тек соның қадірін түсінер қаракөздеріміз көбейе түссе екен дейміз...» деп түйіндейді автор.

 


 

 

 


Соңғы жаңалықтар