Өзге елдер бөденеден де мол табыс тауып, кіріске кенеліп жатыр– Мұхтар Байбатшанов

None
None
АТЫ. 1 сәуір. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін, сәуірдің 1-і Халықаралық құстар күні. Бұдан 105 жыл бұрын, яғни 1906 жылы құстарды қорғау жөніндегі Халықаралық конвенцияға қол қойылды.

Құстардың барлық түрін жұмыртқа салу және жылы жаққа қайту мезгілдерінде қамқорлыққа алу, жоғалып кету қаупі бар құс түрлерін қорғау, құстарды аулаудың кейбір түрлеріне тыйым салу, құс өсіру және адамдарды табиғатты сақтауға сауаттандыру үшін қорықтар ашу осы конвенцияның негізгі қағидаларына жатады. Осы атаулы күнге орай біз көптеген үй құстары сияқты құнды диеталық ет пен жұмыртқаның қайнар көзі болып табылатын бөдене туралы еліміздегі алғашқы ғылыми зерттеу жұмысының авторы, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің PhD докторанты, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Мұхтар Байбатшановты әңгімеге тартқан едік.

- Мұхтар Қасенұлы, Сіздің «Жергілікті бөдене популяциясының өнімділік қасиеттері» тақырыбындағы кандидаттық диссертация қорғап, еліміздегі бөдене құсын зерттеуші және осы саладағы тұңғыш ғылыми жұмыстың иесі екендігіңізді білеміз. Халықаралық құстар күнінде сұхбатымызды бөдене төңірегінде өрбітсек. Табиғатынан ерекше бөденені адамдар өз қажетіне қандай мақсатта және қай уақыттан бері пайдаланып келеді?

- Адам баласы бөденені өзге аң мен құс түрлері сияқты сонау ерте замандардан-ақ өз қажеттіліктеріне пайдаланып келе жатыр. Оның суреті шамамен 5 мың жыл бұрынғы Мысырдағы фреска кескіндемелерінде бейнеленген. Бөденелерді үйде ұстап, қолға үйретумен адамдар Жапония мен Қытайда ерте кезден-ақ шұғылданған. Мәселен, Жапонияда ХI-ХХ ғасыр аралығында ол декоративтік-сәндік құс ретінде өсірілген. Бөдене жұмыртқа мен ет өнімдерін алу үшін тәжірибелік мақсатта тек өткен ғасырдың басында ғана пайдалана бастаған. Қазіргі уақытта Жапонияда бөдене шаруашылықтары жақсы дамыған. Бұл елде жылына 19 миллиардқа жуық бөдене жұмыртқасы өндіріледі. Ал Қытайда осы сала мәселесін зерттеу үшін Вукси қаласында арнайы бөдене шаруашылығының институты құрылған. Неміс ғалымдары да бөденелерге генетикалық-селекциялық зерттеулер жүргізуде. Қазіргі кезде бөденелерді өндірістік жолмен көбейтіп өсірумен әлемнің көптеген елдері шұғылдануда. Осы саладағы ғылыми зерттеулерге де көп көңіл бөлінуде. Мәселен, Қытай мен Үндістанда ғылыми-зерттеу институттары, ал Жапонияда ғылыми орталық құрылған. 1966 жылы Киевте құс шаруашылығы бойынша Бүкіләлемдік конгресс өткізілгеннен кейін Кеңес одағында да бұл сала дами бастады. Конгресте бөденелер халықаралық құс шаруашылығының көрмесіне экспонат ретінде қойылған болатын. Кейін Санкт-Петербор радиациялық гигиена ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары ақ егеуқұйрыққа жүргізген тәжірибе кезінде оның бөдене жұмыртқасынан дайындалған тағамды жегенде сәулелі ауруы жеңіл түрде болатынын дәлелдеді. Зерттеу кезінде олардың дене салмағы тұрақтанып, ауруға қарсы тұру қабілеті тез қалпына келіп, қан алмасу үдерісі жақсарғаны айқын аңғарылды.

- Қазір бөдене өнімдері негізінен қай салада көбірек пайдаланылып жүр?

- Бөдене жұмыртқалары диета терапияда кеңінен қолданылады. Оның емдік қасиеттері адам баласына ертеден-ақ белгілі болған. Бөдене медицина саласында - демікпе, созылмалы өкпе ауруын, туберкулезді, созылмалы гастрит, асқазан ауруын, өт іріктелетін қалта ауруы мен өт жолдарын, жүрек-қан тамырларының жетіспеушілігін, бранхит, қан аздық және сәуле ауруларын емдеуде қолданылады. Оның жұмыртқасының құрамына кіретін тирозин амин қышқылы косметика саласында ең қат өнім саналады. Оның адам бетінің түсін жақсартуда зор пайдасы бар. Шетелдік биоөндіріс саласында бөдене жұмыртқасының негізінде әртүрлі бетперделер мен кремдер шығарылады. Табиғатта ешқашан бұзылған бөдене жұмыртқалары болмайды. Себебі оларда микрофлораның дамуына кедергі болатын аса құнды амин қышқылы - лизоцим бар. Бөдененің иммунитет жүйесі ағзаларының қорғаныс күштерін зерттеуге ыңғайлы. Тағы бір дәлелденгені, бөдене жұмыртқасы тауықтардікіне қарағанда микробтардан таза келеді. Бір бөдене жұмыртқасына мареке ауруына қарсы тауықтарға арналған вакцинаның 230-250 мөлшерін алады. Бұл құстардың эмбриондарын қызылша, паратиф-қылау, тұмау ауруларына қарсы вакцина дайындау үшін пайдаланады. Мұнда бөдененің дене температурасының ауылшаруашылық құстарының басқа түрлеріне қарағанда 2ºС жоғары. Кейбір ғалымдар бөдененің көптеген аураларға қарсы тұрақтылығын осы ерекшелігімен байланыстырады. Олардың пайымдауынша, бөдененің дене температурасының жоғары болуын қарқынды зат алмасумен байланысты. Әсіресе үй бөденесі күйзеліске, токсикалық заттардың әсеріне және жұқпалы ауруға төзімді.

- Сонда бөденелердің басты артықшылығы оның түрлі-түсті жұмыртқаларында болғаны ма?

- Солай деуге болады. Олар витаминдер мен аминқышқылдарына өте бай, гипоаллергенді. Бөдене жұмыртқаларын жүйелі пайдалану ағзаның әртүрлі ауруларға, оның ішінде түберкулезге қарсы күресуін жоғарылатады. Оларды шикі күйінде пайдалану Чернобыль апатынан сәулелі ауруға ұшыраған балаларға көмектескен. Олар өздерін жақсы сезіне бастаған, мұрындарының қанауы, бас айналулары тоқтап, қандағы гемоглабиндері көбейген.

Бөденелердің жұмыртқасында басқа құстарға қарағанда белок көп. Егер тауық жұмыртқасында белок орташа 5,6 пайыз болса, бөденелерде ол 6 пайызды құрайды. Сарыуыздың үлесі тауықтікі сияқты 32 пайызға жуық. Онда қауыз жұмыртқа салмағының 7 пайызын құрайды, ал тауықтарда бұл көрсеткіш 10 пайыздан асады. Бөдене қауызы жұқа болғанымен оның өте тығыз қауыз асты қабықшасы бар. Ғалым дәрігер А. Борцовтың дәлелдеуі бойынша, жапон бөденесінің жұмыртқасы қант диабетін, гастрит, асқазан жарасын, түберкүлез, әртүрлі диатез бен аллергияларды емдейді, ағзадағы радионуклеидтер мен холестеринді шығарады.

- Бөдене шаруашылығының дамуындағы негізгі бағыттар қандай?

- Әлемде негізінен бөдене шаруашылығының дамуы екі бағытта жүргізіліп отыр. Алғашқысы - бұл бөденелерді биологиялық, медициналық және ветеринарлық зерттеудің лабораториялық обьектісі ретінде пайдалану болса, екіншісі - бөдене шаруашылығының өнімдерін дәмді деликатестік әрі диеталық тағам ретінде және де биологиялық және парфюмдік өндірістің шикізаты ретінде пайдалану болып табылады. Біздің елімізде оның бірінші бағыты ғана дамуда. Бізге мәлім деректерге қарағанда елімізде қазір бөдене өсіретін қырықтай шаруа қожалықтары бар.

Бөдене көптеген үй құстары сияқты құнды диеталық ет пен жұмыртқаның қайнар көзі болып табылады. Бөдене шаруашылығы мол өсім беріп, шығынды тез ақтай алады. Қояндарға қарағанда бөденелер екі есе жылдам өсіп жетіледі. Жұмыртқаларды инкубаторға салған сәттен бастап жас бөденелердің алғашқы жұмыртқалауына дейінгі толық цикл бар болғаны 52-60 күнді құрайды. Олар 25 күнде қауырсынданып, 30 күнде ересек болады, ал 35-40 күнде жұмыртқалай бастайды. Бөденелердің бір апталық өмірі жұмыртқалағыш тауық тұқымының 3,5 апталық өміріне сәйкес келеді

Бөденелермен жұмыс жасау тәжірибелері қазіргі кезде үлкен сұраныста. Ауылшаруашылығында негізінен жапон бөденелері көп пайдаланылады. Мәселен, жапон сұр бөденесін ХХ ғасырдың 50-ші жылдарынан бастап АҚШ-та зертханалық жануар ретінде кең пайдаланылып, «Аполлон» бағдарламасы бойынша космостық зерттеу жүргізуге де қатыстырылды. Жапон бөденелерінің тез өсіп жетілу қабілеттілігі (бір жылда 5-6 ұрпағын алу), жоғары жұмыртқалағыштығы (280-300 жұмыртқа), азық қорегінің аз шығындалуы (1 кг жұмыртқа салмағына 2,6 кг) осы саланың нәтижелі әрі табысты дамуына қажетті барлық алғышартты қалыптастырды.

- Әңгімеңізге рақмет!

Соңғы жаңалықтар