Өзенмұнайгаз бен «БерАли» компаниясында аса ірі көлемде ақша жымқыру бойынша тергеу жүріп жатыр

None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында «Өзенмұнайгаз» АҚ мен «БерАли Маңғыстау Company» ЖШС-да ұрлық фактілері бойынша тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметіне сенсек, «Өзенмұнайгаз» АҚ және «БерАли Мангистау Company» ЖШС лауазымды тұлғалары аса ірі көлемде қаражат жымқырды деген күдікке ілінген.

Жаңаөзен тұрғындарының «ҚазМұнайГаз» АҚ (Өзенмұнайгаз) жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық және жымқыру фактілері бойынша көптеген өтініштерінің негізінде Қаржылық мониторинг агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті сотқа дейінгі бірнеше тергеу жүргізіп жатыр.

Атап айтқанда, кәсіпорынның бухгалтерлік және өзге де ресми құжаттамасында бұрмаланған мәліметтерді көрсете отырып, жаңа сорғы-компрессорлық құбырларды жалған орнату арқылы ұрлау фактісі бойынша «Өзенмұнайгаз» АҚ лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу басталған.

Бұдан басқа, «Өзенмұнайгаз» АҚ лауазымды тұлғалары мен «БерАли Маңғыстау Company» ЖШС басшылығына 2022 жылы мұнай өндіру ұңғымаларын жөндеу жұмысын орындауға арналған аса ірі көлемдегі қаражатты жымқырды деген айып тағылып отыр.

«БерАли Маңғыстау Company» ЖШС басшысы өзінің жақын туыстарымен арнайы техниканы жалға алу жөнінде шарт жасағаны анықталды. Іс жүзінде 248 млн теңге көлемінде алынған қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып жымқырылған.

«Аталған іс-қимыл арқылы «БерАли Маңғыстау Company» ЖШС басшылығы мемлекетке ғана емес, компания қызметкерлеріне де зиян келтіргенін атап өтеміз. Қолма-қол ақша компанияны дамытуға, жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсартуға, соның ішінде жалақыны көтеруге жұмсалса болатын еді. Бұл жағдай компанияның қарапайым қызметкерлері арасында наразылық тудырды. Тергеу барысында аталған фактілер тексеріліп жатыр. ҚПК 201 бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды» деп хабарлады агенттік.

Еске сала кетейік, 10 сәуірде Энергетика министрлігі ғимаратының алдына 70-ке жуық жаңаөзендік мұнайшы жиналды.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында ведомство ғимаратының маңайында түнеп шыққан жаңаөзендік жұмысшылардың талабы бойынша ресми шешім әзірленіп жатқанын айтты.

Бұл мәселеге пікір білдірген вице-премьер Алтай Көлгінов заң аясында әрекет ету қажеттігін, «тендерден ұтылған компанияның қайтадан ұтып шыққанын талап ету» дұрыс еместігін айтты.

11 сәуір кешкісін Энергетика министрлігі алдына жиналған бір топ жаңаөзендік мұнайшыларды полиция ұстап әкетті.

Кейін наразылыққа шыққан мұнайшылардың көшбасшылары мәлімдеме жасап, екі жақ келісімге келгенін хабарлады.

12 сәуірде мұнайшылар Жаңаөзенге қайтты.

Бір аптадан бері ҚазМұнайГаз бен мұнайшылар ортақ келісімге келу үшін мәселені талқылап жатыр.

ҚазМұнайГаз басшысы Мағзұм Мырзағалиев екіжақты келіссөз жайында пікір білдірді.

Ал ҚМГ төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов мұнайшылар талабы күн сайын өзгеріп отырғандықтан келіссөз жүргізу қиынға түсіп отырғанын жеткізді.


Соңғы жаңалықтар