«ӨзенМұнайГаз» АҚ бас директорының орынбасары ұсталды

None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті «ӨзенМұнайГаз» АҚ бас директорының орынбасары Б.Мамбетсапаевты лауазымдық өкiлеттiктерін теріс пайдаланған деген күдікпен ұстады.

Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Б.Мамбетсапаев өз лауазымдық мәртебесін пайдаланып, жұмысқа қабылдау туралы бекітілген қағидаларды өрескел бұзған, яңни өзінің бірқатар таныстарын «Өзен Мұнай Газ» АҚ-на заңсыз кіргізген.

Ал компанияға жұмысқа кіру үшін Жаңаөзен қаласының 9 мыңнан астам тұрғыны кезекке тіркелген.

Б. Мамбетсапаевтың таныстарының жұмыссыздар қатарында болмағаны, тиісті мамандыққа біліктіліктері сәйкес келмейтіні және жұмысқа мүлдем келмегендерін анық білгендігі тергеу барысында анықталды.

Б. Мамбетсапаевтың заңсыз іс-әрекеттері мемлекетке 46 млн теңгеден астам залал келтірді және Жаңаөзен қаласы тұрғындарының компанияға жұмысқа орналасу бойынша құқықтарының өрескел бұзылуына ықпал етті.

Тергеу Б. Мамбетсапаевтың басқа да заңсыз әрекеттері, компанияның лауазымды тұлғалардың және мердігер мекемелердің бюджеттік қаражаттарды жымқыру фактілері тексерілуде.

«Тергеу жұмыстары жалғасуда. Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер тергеу мүддесінде жариялануға жатпайды»,-делінген Маңғыстау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.


Соңғы жаңалықтар