Өзбекстанның ерлер құрамасы тұңғыш рет шахмат олимпиадасының жеңімпазы атанды

Фото: None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Өзбекстанның ерлер құрамасы Үндістанның Ченнаи қаласында өткен шахмат олимпиадасының ақтық кезеңінде Нидерланд құрамасын жеңіп, тарихта тұңғыш рет турнир чемпионы атанды. Бұл туралы Өзбекстан шахмат федерациясының президенті Әлішер Садуллаев Telegram арқылы мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

Бүгін 44-ші шахмат олимпиадасының соңғы 11-турында Өзбекстан Нидерланд құрамасын 2,5:1,5 есебімен жеңді. Гроссмейстерлер Нодирбек Якуббоев, Джавохир Синдаров және Нодирбек Абдусатторов өз қарсыластарымен тең ойын жүргізді. Шешуші кездесуде Жахонгир Вахидов Макс Уордердамды жеңіп, елдің ұлттық құрамасына олимпиаданың тұңғыш алтын медалін әперді.

«Тағы бір тамаша жаңалық: Өзбекстан құрамасы осы Олимпиадада бірде-бір жеңіліс көрмеген жалғыз команда болды. Барша отандастарымызды тарихи жеңісімен құттықтаймын!» - деп жазды Әлішер Садуллаев.

44-ші Дүниежүзілік шахмат олимпиадасы 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Үндістанның Ченнаи қаласында өтті. Жабылу салтанаты ертең, 10 тамызда болады.

Бұған дейін дүниежүзілік шахмат олимпиадасы 2026 жылы Өзбекстанда өтетіні хабарланған болатын. Республика бұл жарысты алғаш рет өткізеді. Олимпиада өткізілуі мүмкін қалалар – Ташкент немесе Самарқан.


Фото: t.me/alisher_sadullaev


Соңғы жаңалықтар