Өзбекстанның бас консулы қарағандылық дәрігерлерге алғыс айтты

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы Өзбекстан Республикасының бас консулы Аброр Фатхуллаев Приозерск қаласы орталық ауруханасының жетекшісі мен ұжымына алғыс білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Дипломатиялық өкіл Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың атына хат жолдады.

«Құрметті Елжан Амантайұлы,

Биылғы 13 шілдеде Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан Өзбекстан Республикасының бес азаматы: Б. Гулекеев, А. Жолдасбаев, С. Сайтназаров, Х. Сейтмуратов және О. Наубетов түрлі деңгейдегі жарақаттармен Приозерск қаласының қалалық ауруханасына жеткізілді. Ол жерде оларға жоғары білікті мамандар жедел медициналық көмек көрсетті.

Аурухана дәрігерлерінің жоғары біліктілігінің арқасында Өзбекстан елінің азаматтары дер кезінде қажетті ем алып, еліне оралды.

Осы оқиғаға байланысты Бас консулдық «Приозерск қаласының орталық ауруханасы» КММ барша ұжымына, және аурухана директоры Н. Шағыровқа, хирург М. Пайзуллаевқа Өзбекстан Республикасының азаматтарына уақтылы көрсетілген медициналық көмек пен қамқорлық үшін алғыс айтады.

Құрметпен, бас консул А. Фатхуллаев».

Еске сала кетейік, 13 шілдеде Алматы – Екатеринбург тас жолының 380-ші шақырымында жол апаты болған. Миграциялық заңнаманы бұзушыларды еліне қайтару кезінде SsanYong қызметтік көлігі аударылып, Мойынқұм ауданының полиция бөлімінің екі қызметкері мен Өзбекстан Республикасының бір азаматы қаза болды.

Соңғы жаңалықтар