Өзбекстанның 34 азаматы Ақтөбеде қоқыс полигонында заңсыз жұмыс істеп жүрген

None
Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбелік полицейлер қоқыс полигонына заңсыз кіріп, онда пластикалық бөтелке жинап жүрген өзбекстандық азаматтарды ұстады. Бәрінің де қолында төлқұжаты болмай шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде 22-25 мамыр аралығында «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.

Бүгін қаладағы қоқыс полигонында пластикалық құтыларды жинап, тапсырумен айналысып жүрген Өзбекстан Республикасының 34 азаматы анықталып, ұсталды.

Ол жерде ер адамдармен бірге әйелдер де бар.

«Жеке басын анықтайтын құжаттары болмады. Соған байланысты бәрі Ақтөбе қаласы ПБ қабылдап-тарату орнына жеткізілді. Қазіргі таңда аталған шетелдіктердің жеке басын анықтау жұмысы жүргізіліп жатыр. Кейін ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабының талаптарын бұзғандығы үшін әкімшілік жауапқа тарту мәселесі шешіледі. Бәрі де еліне қайтарылады»,- деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбе облысында бопсалаумен айналысып келген қылмыстық топ ұсталған еді.

Анықталғандай, олар кәсіпкерден қомақты сома бопсалаған, сондай-ақ «Тойота Камри» автокөлігін өз аттарына аударуды талап еткен.

Ұсталғандардан патрондары бар 2 травматикалық тапанша мен пышақ тәркіленді.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы 3-бөлігі («Бопсалау») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Ұсталғандар қамауға алынды.


Соңғы жаңалықтар