Өзбекстаннан табылған инсулинге қатысты тексеру жалғасуда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі фармация комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова қазақстандықтарға арналған инсулиннің Өзбекстанға өтіп кетуіне байланысты тексеру жұмыстары әлі аяқталмағанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Иә, біз бұл мәселе бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетіне өтініш берген болатынбыз. Олар қазіргі уақытта аталған препараттың сол жаққа өткізіліп кетуіне байланысты тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ол препараттарды, шынымен, кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсету үшін «СК-Фармация» алған болатын. Бұл препараттар - 2018 жылы сатып алынған серия еді», - деді Людмила Бюрабекова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Людмила Бюрабекованың айтуынша, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің аумақтық департаменттері де Ұлттық бюромен бірге өз тексеруін жүргізуде.

«Тексеру жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Оның нәтижесі белгілі болғаннан кейін біз бірден осы мәселе бойынша хабарлама беретін боламыз», - деді фармация комитетінің төрайымы.

Еске сала кетсек, өткен айда Қазақстан азаматтарына арналған инсулинді Өзбекстанға сату фактісі бойынша прокуратура тексеру жүргізе бастаған болатын.

«Бұл мәселеде тиісті ақпаратты алу үшін тиісті сауалды жолдадық. Аталған факті бойынша талдау жүргізілуде. Сондықтан да бұл ақпарат расталса, онда тиісті шаралар қабылданады», - деді Бас прокурордың орынбасары Андрей Лукин.

Арада көп өтпей ҚР Денсаулық сақтау министрлігі фармация комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова қазақстандықтарға арналған инсулиннің Өзбекстанда сатылып жатқанына байланысты түсінік берген еді.

Соңғы жаңалықтар