Өзбекстанмен су объектілерін бірлесіп басқару келісімі мәтінінің 80 пайызы келісілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өзбекстанмен трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару келісім жобасы мәтінінің 80 пайызы келісілді.

Бұл туралы Мәжіліс депутатының ресми сауалына берілген ҚР Премьер-Министр Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекетаралық көздердің су ресурстарын пайдалану мен қорғауды бірлесіп басқару саласындағы ынтымақтастық туралы» 1992 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан Республикасы, Тәжікстан Республикасы және Түрікменстан арасындағы келісім Амудария және Сырдария өзендері бассейнінің шектес мемлекеттерімен су саласындағы ынтымақтастық жөніндегі негізгі құжат болып табылады. Осы Келісімнің ережесіне сәйкес әрбір тарап өз аумағында басқа тараптардың мүдделерін қозғайтын және оларға залал келтіруге, су шығыстарының келісілген шамаларын өзгертуге және су көздерінің ластануына әкеп соғатын іс-әрекеттерге жол бермеуге, сондай-ақ су ресурстарын пайдалану және қорғаудың келісілген тәртібі мен белгіленген қағидаларын қатаң сақтауға міндеттенеді», - деді Премьер-Министр.

Асқар Маминнің атап өтуінше, төтенше жағдайлар жоспарында Қазақстан үшін қауіпсіздіктің барынша ықтимал қатері Өзбекстан Республикасынан туындайтынын ескере отырып, тараптар Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару, пайдалану және қорғау туралы келісім жобасын (бұдан әрі – Келісім жобасы) әзірлеу және оған қол қою туралы уағдаластыққа қол жеткізген.

«Қазіргі уақытта пысықтау барысында өзбек тарапымен келісім жобасы мәтінінің 80 пайызы келісілді. Келісім жобасына қол қою жөніндегі іс-шара Жол картасында көрсетілген. Бұдан басқа табиғи және техногендік сипаттағы трансшекаралық төтенше жағдайлардың туындауына жол бермеу, төтенше жағдайларды жою бойынша тиісті шараларды жедел қабылдау мақсатында дипломатиялық арналар арқылы Өзбекстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігіне мемлекеттеріміздің шекаралас облыстарының төтенше қызметтерінің өзара ісқимыл жасау қажеттілігі туралы хат жолданды», - деді Үкімет басшысы.


Соңғы жаңалықтар