Өзбекстанға баратын шетелдік туристер 9 млн-ға дейін өсуі мүмкін

None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Өзбекстан 2026 жылға қарай шетелдік туристер саны 9 млн адамға жетеді деп болжап отыр. Бұл туралы бүгін VI «Өзбекстан гидтер форумы – 2023» аясында Өзбекстан Мәдениет және туризм министрінің кеңесшісі Шавкатжон Ортиков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өзбекстанда саяхатта» бағдарламасы аясында отандық туристер санын 12 млн адамға, ал шетелдік туристер санын 9 млн адамға жеткізу бойынша өзекті міндеттер қойылды», - деді Ш.Ортиков.

Оның айтуынша, осы мақсаттарға қол жеткізу үшін ел қалаларында кедергісіз туризм шаралары кеңінен жүзеге асырылуда. Бұл 2026 жылға қарай туризм саласында жұмыспен қамтылғандар санын 2 есе, яғни 520 мың адамға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Туризм саласындағы мәдени-ойын-сауық инфрақұрылымына кезең-кезеңімен кіріктірілетін 8 мың мәдени мұра нысандарын қалпына келтіру және абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Заамин, Фариш, Бахмаль аудандары мен Айдар-Арнасай көлдер жүйесінде қосымша туристік аймақтарды дамыту бойынша 300 млн доллар сомасына жобалар жүзеге асырылуда. Бұл 25 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Айта кетсек, бұған дейін Өзбекстанда жаңа жылдың алғашқы айында шетелдік туристер ағыны 2,5 есе өскені хабарланған болатын. Өткен жылы көрші республикаға 1,5 млн-нан астам қазақстандық барды. Бұл Өзбекстандағы туристік ағынның үштен біріне жуығын құрады.

Фото: pinterest.com
Соңғы жаңалықтар