Өзбекстандықтар Қазақстан кәсіпкерлерімен бірге жұмыс істеуге ниетті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өзбекстан машина жасау саласында қазақ инвесторларымен қоян-қолтық жұмыс істеуге дайын, деп хабарлайды Хабар 24.

Бұл туралы бүгін Ташкентте өткен шетелдік және жергілікті инвесторлардың ұсыныстарын ашық талқылау алаңында айтылды. Бұған дейін пікірталас алаңында елдегі химия және металлургия, мұнай газ өндірісі мен жеңіл өнеркәсіп мәселесі талқыланған болатын.

Бауырлас елдер арасындағы жүйелі жұмыстың нәтижесінде екі ел аумағында бірнеше бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Енді екі ел арасындағы машина жасау саласын одан әрі жандандыру жайы сөз болды. Жиында Өзбекстандағы ең ірі машина жасау және ауыл шаруашылығы техникалары мен электр жабдықтарын шығаратын компаниялар өздерінің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды.

Бір ғана «Узавтосаноат» АҚ 2021 жылға дейін жалпы сомасы 290 миллион АҚШ долларынан асатын 10 инвестициялық жобаны жүзеге асырмақ. Оның ішінде көліктерге қажетті қосалқы бөлшектер мен жеңіл көліктің жаңа түрін шығару да бар. Осылайша, бұған дейін біздің елге жеңіл көлік экспорттап келген өзбекстандықтар енді қазақстандық кәсіпкерлерді бірлесіп жұмыс істеуге шақырып отыр. Оған қоса, ел президенті Жарлығымен тамыз айынан бастап Өзбекстанда шетелдік капиталы бар кәсіпорындар құру жеңілдетілді.

«Әлбетте өзге елдердің инвестиция салушыларымен тығыз байланыс орнатуға дайынбыз. Жобаны алдымен бірге отырып талқылаймыз, мүмкіндіктерін саралап, қызығушылық болса ортақ жұмыс істеуге дайынбыз. Қажет болса, барлық жағынан қолдау көрсетеміз»,- деді Узавтосаноат» АҚ стратегиялық жоспарлау бөлімінің бастығы Баходир Рахмонов.

«Біз жаңадан өсіп келе жатқан нарықтың ортасында тұрмыз. Бір жағынан әлемдік нарыққа шығуға қолайлы. Бұл жерде ТМД елдері мен Еуропа, Қытай және Онтүстік-шығыс Азия нарығына жол ашылады. Біз бүгінгі шараны өткізу арқылы сол мүмкіндіктерге бірлесе шығудың жолын қарастырдық. Оған қоса, осыған қызығушылық танытып отырған инвесторлардың әлеуетін арттыруды көздеп отырмыз» ,- дейді Өзбекстан инвестициялық комитеті инвестициялық бөлім басшысы Нодир Абдуллаев.

Соңғы жаңалықтар